Франция атом энергетикасында қалай әлемдік державаға айналды

(0 Votes)

Франция атом энергетикасы саласында Еуропаның көшбасшысы болып тұр.

Бүгінде елдің энергетика баласының 70 пайыздан астамын атом саласы құрайды. Француздардың таңдауы неліктен атом энергетикасына түсті.

Дәл осы сауалға Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Арнұр Рахымбеков жауап табуға тырысты.

Әлемде АЭС-тен электр энергиясын өндіруден үшінші орында тұрған ел Францияның атом саласының қуаты әртүрлі 56 реактордан тұрады. Олар елдің бүкіл аумағында орналасқан. Олардың ішінде қуаты әртүрлі болып келетін түрлі реактордың үш тобы бар. Қуаты 900 МВт болатын француздық реактор орташа есеппен әр сайын 500 000 МВ/сағат электр энергиясын өндіреді. Ал бұл көлем шамамен 400 мың үйдің тұтынуына жеткілікті.

Франция 2022 жылы атом қондырғыларының арқасында АҚШ пен Қытайдан кейін АЭС-тен электр энергиясын өндіретін әлемдегі үшінші елге айналды. Өндірістің мұндай деңгейі Францияның энергетикалық балансында атом энергиясын гидравликалық энергияның, жаңартылатын энергияның, жылу энергиясының (газ, көмір және басқалары) алдын орап, бірінші орынға шығуына мүмкіндік беріп отыр.

Электр энергиясын алудың мұндай әдісі: - энергияның айтарлықтай көлемін өндіруге; - жаңартылатын энергия көздеріне қарағанда өндіріс деңгейін бақылауда ұстауға; - қоршаған ортаны қорғау аясында CO2 шығарындыларының бейтарап болуына мүмкіндік береді. Қалдықтарды кәдеге жарату Басқа қырынан алып қарасақ, атом электр стансалары қалдықтардың едәуір мөлшерін шығарады. Франциялық атом электр стансалары уранмен жұмыс істейді. Демек, олардың отынын электр өндірісінің қанағаттанарлық деңгейін ұстап тұру үшін үш жыл сайын ауыстырып отыру қажет. Франция 1 150 тоннаға жуық пайдаланылған отынды кәдеге жарату үшін оны қайта пайдалану немесе қайта өңдеу арқылы ұлттық ядролық отын циклін «жабу» туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде француз атом өнеркәсібі қайта пайдалану үшін пайдаланылған отыннан уран мен плутоний алуды жолға қойды. Осылайша белсенділігі жоғары қалдықтардың көлемін азайтты. Айта кетерлігі, бүгін еліміздің Үкімет отырысында Қазақстанда атом энергетикасын дамыту перспективалары қаралған болатын.

Осы жиында сөз алған Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев те Франция АЭС қалдықтарына кәдеге жаратуда алға жылжығандығын алға тартқан еді.

«Қалдықты болашақта жаңа АЭС-те отын ретінде пайдалануға болады. Мәселен, Франция пайдаланылған отынды қайтадан кәдеге жаратып отыр. Біздің ғалымдар да 2-3 жыл болды, осы технологияны зерттеуге кірісіп кетті. Меніңше, таяу 2-3 жылда өз зерттеулерімізді қосып, мүмкін АЭС салынбай тұрып-ақ отын қалдықтарын қайта өңдеу технологиясын шығаруымыз мүмкін», - деді Саябек Сахиев.

Францияда кәдеге жаратылған отын Ла-Гагаға, қайта өңдеу зауытына жіберіледі. Аталған зауыт уран мен плутоний сияқты алынатын материалдарды басқа қауіпті минералдардан оқшаулайды. Пайдалы қазбалардың бұл екінші түрі белсенділік деңгейіне байланысты 15-тен 500 метрге дейінгі тереңдікке көмілер алдында кондициялануы тиіс. Атом энергетикасының пайдасы үшін стратегиялық таңдау Францияның Еуропарламенттегі мүшесі Тьерри Мариани Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында өз еліндегі атом саласының дамуына қатысты пікір білдірді.

«Францияда атом энергиясы электр энергиясын өндіруде негізгі рөл атқарады. Тарихи тұрғыдан алғанда, Франция атом энергетикасын пайдалану үшін стратегиялық таңдау жасады. Елде электр энергиясының шамамен 70 пайызы атом электр стансаларынан алынады. 1970 жылдары-ақ мұнай саласындағы күйзеліске тап болған ел өзінің энергетикалық тәуелсіздігіне кепілдік беру және қазба отынына тәуелділікті азайту үшін азаматтық атом энергетикасына қомақты қаржы бөлді», - деді спикер.

Ол Франция генерал де Голльдің мұрасын пайдалана отырып, өзінің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету үшін атом энергетикасының пайдасына саяси таңдау жасағанын айтты.

«Франсуа Олланд пен Эмманюэль Макрон кезінде атом энергетикасы көбінесе «жасылдар» мен Үкімет арасындағы саяси келіссөздердің құрбанына айналды. Энергия тасымалдаушылар құнының өсуіне және жаңартылатын энергия көздеріне деген күмәннің артуына тап болған Франция, түптеп келгенде, атом энергетикасын қолдайтын саясатты қайта бастады», - дейді Еуропарламент мүшесі.

Сонымен қатар ол Франциядағы ядролық энергетикаға қатысты біршама айтарлықтай өзгерістердің орын алғанын айтады.

«Президент Эммануэль Макрон 2021 жылы ескірген ядролық паркты жаңарту және нығайту үшін EPR үлгісіндегі жаңа ядролық реакторлардың құрылысы туралы мәлімдеме жасады. Сонымен қатар, EDF (француздық электр энергиясын өндіретін компания — ред. ескертпесі) қолданыстағы реакторлардың қызмет ету мерзімін олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат салу арқылы 40 жылдан астам уақытқа ұзарту үшін жұмыс істейді», - деп атап өтеді Тьерри Мариани.

Сарапшы ядролық энергияның пайдасына басты аргументтердің бірі ретінде оның қауіпсіздігін алға тартады.

"Францияда Ядролық қауіпсіздік басқармасы қауіпсіздіктің ең жоғары халықаралық стандартын қолданады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаттығу үнемі өткізіліп тұрады. Бұл ядролық секторды оқиғалар өте аз секторға айналдырады. Францияның азаматтық ядролық энергетика саласында қолданылатын уранның 95 пайыздан астамы бөлінбейді. Сондықтан жарылу қаупі жоқ. Мұнан бөлек, француз атом электр стансалары пайдаланудың қауіпсіз және бақыланатын жұмысты қамтамасыз ететін озық технологиялары мен қатаң хаттамаларын қолданады. Осы қауіпсіздікті күшейту үшін Франция 2001 жылы Радиациялық қорғаныс және ядролық қауіпсіздік институтын (IRSN) құрды. Ол радиациялық қорғаныс пен ядролық қауіпсіздікке арналған ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Осылайша, Францияның ядролық қауіпсіздік органынан бөлек қосарлаған институционалдық қорғанысы бар", - деді спикер.

Ол экологиялық тұрғыдан алғанда, атом энергиясы қазба отындарымен салыстырғанда өте аз СО2 шығаратындығын айтады. АЭС парниктік газдар шығарындыларын азайту және климаттың өзгеруімен күресудің тиімді шешімін ұсынады.

«Франция Кадараштағы ИТЭР жобасын (Халықаралық термоядролық эксперименттік реактор - ред. ескертпесі) құптайды. Бұл жоба ықтимал сарқылмайтын және таза энергия көзі болып табылатын термоядролық энергияны пайдаланудың орындылығын көрсетуге бағытталған», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, ИТЭР бүкіл әлем сарапшыларын біріктіреді және Францияның ядролық инновациялар саласындағы көшбасшы ретіндегі позициясын нығайта отырып, болашақ энергетикасы саласындағы зерттеулердегі үлкен жетістік саналады.

Айта кетерлігі, таяуда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ғимаратында қоғамдық талқылау өтіп, онда Қазақстан Азаматтық Алянсының президенті Бану Нұрғазиева аумағы елімізден 5 есе кіші Францияның атом эгнергетикасы саласындағы жетістіктеріне тоқталған еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT