Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бойынша әдебиет және журналистика саласындағы үздік жұмыстарды анықтау үшін сыйлыққа өтінімдерді қабылдау басталды, хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сыйлықтың мақсаты – жазушылар мен журналистердің қоғам мен мемлекет алдындағы сіңірген еңбегін, мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға қосқан ерекше құнды үлесін тану.
Сыйлыққа автор (авторлар) немесе авторлар ұжымы, шығармашылық ұжымдар қатыса алады.
Өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады», - деп жазды Мәдениет және спорт министрлігі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі төмендегі номинациялар бойынша құжаттарды қабылдайды:
- «Проза»;
- «Поэзия»;
- «Драматургия»;
- «Балалар әдебиеті».
Жұмыстарды әдебиет және журналистика саласының еңбек сіңірген қайраткерлері мен сарапшыларынан тұратын қазылар алқасы бағалайтын болады.
Сыйлық қорытындысы бойынша әр номинацияның үздік өкіліне «Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бойынша әдебиет және журналистика саласындағы үздік жұмыс сыйлығының лауреаты» атағы беріліп, диплом және ақшалай сыйақы табыс етіледі.