13 шілде күні Атырау облысы бойынша Еркінқала ауылдық округінде алғаш рет ауыл әкімін тікелей сайлау өтіп жатыр. Аталған округте барлығы 5 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Биылғы сайлауда Еркінқала ауылдық округі әкімдігіне төрт үміткер бақ сынауда, барлығы да өзін-өзі ұсынған кандидаттар. Сайлау процесінің ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында тәуелсіз байқаушылар сайлау барысына бақылау жүргізіп отыр.
Еркінқала, Еркінқала-2, Балауса және Ракуша елді мекендері кіретін округте жалпы 15 мыңға жуық тұрғын бар. Халық бұл саяси науқанға ерекше белсенділікпен қатысып, дауыс беріп жатыр.
Мәселен, #20 сайлау учаскесінде 2964 сайлаушы тіркелсе, олардың қатарында 95 жастағы қария үйден дауыс беру үшін өтініш білдірген. Сонымен қатар, бұл учаскеде 40-қа жуық жас азамат тұңғыш рет дауыс беруде.
Балауса елді мекеніндегі №274 сайлау учаскесінің төрағасы Бибігүл Ғапуованың айтуынша, мұнда 2744 адам дауыс беру құқығына ие. Олардың ішінде 47 жас сайлаушы биыл алғаш рет тізімге еніп отыр.
Ал Еркінқала ауылдық мәдениет үйінде орналасқан №245 сайлау учаскесінде 1759 сайлаушы тіркелген. Учаскелік комиссия төрағасы Тойған Өтепова сағат 11:30-ға дейін 80-нен астам адам дауыс беріп үлгергенін хабарлады.
Айта кетейік, Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей халықтың дауыс беруі арқылы сайлау 2021 жылдан бастап енгізілген. Бұл – Мемлекет басшысының саяси реформалар аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамаларының бірі. Аталған өзгеріс жергілікті басқару жүйесін жетілдіруге және тұрғындардың өз ауылын басқаруға тікелей қатысуына мүмкіндік беріп отыр.
Хұсни ХАМЗА