Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Президент айрықша назар аударған мәселе – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жайы. Рас, электр энергиясын өндіру қарқынын арттырмайынша, экономика мен коммуналдық секторды дамыту мүмкін емес. Ал бұл салада шешімін таппай тұрған түйткіл көп-ақ.
Бұл ретте Мемлекет басшысының энергетика саласындағы «жасыл күн тәртібі» қағидаттарын еліміздің жалпы электр қуатын өндіруді ұлғайтудағы өзекті қажеттіліктерімізбен ұштастыру бойынша прагматикалық ұсынысын атап өткен жөн. Бұл мәселені тез арада көмірге негізделген электр стансаларының жаңа түрлерін пайдалану арқылы ғана шеше аламыз. Яғни мұндай шара атом электр стансалары салынғанша қазіргі энергия тапшылығын азайтудың ұтымды тәсілі бола алады. Болашақта электр энергиясын өндіруде профицитке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибеде мұндай тәсілді қолдану ірі державалардың саясатындағы үдерісіне сай келеді. Оған қоса, қазіргі халықаралық күн тәртібін ескерсек, еліміз мұндай шараларды назардан тыс қалдыра алмайды. Демек, мұның астарында прагматикалық мән жатыр.
Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін бір жүйеге біріктіру және оңтүстік энергожелісін нығайту мәселесі де өте өзекті. Бұрын электр желілері мен энергетикалық жүйелер территориялық бөлінуді ескермей салынған. Нәтижесінде, отандық желінің бір бөлігі Ресейге, екіншісі Орталық Азия республикаларына байланды. Бұл көршілес мемлекеттерге тәуелділікті, сонымен қатар ел ішінде энергия ағындарын жіберіп алу мәселелерін тудырды. Әсіресе, бұл жағдай 2023 жылғы шілдеде Батыс Қазақстанда электр қуаты үзіліп, соның салдарынан Маңғыстау мен Атырау облыстары жарықсыз қалған кезде айқын көрінді. Сондықтан біртұтас ұлттық энергия тасымалдау желісі негізінде тұрақты профициттік электрэнергетикалық кешен қалыптастыру бойынша Президент тапсырмаларын жүзеге асыру – энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және экономиканың тұрақты өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қорлан Жүсіпбаева,
Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы