Еңбек жолы Елордада жалғасқан Зарема

(1 Vote)

 Астана – талабы таудай жастарға жол ашқан және жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаған құтты мекен. Арман құшып келген әрбір азаматқа жол нұсқаған қасиетті өңір. Бір сөзбен айтқанда, жасампаз жастардың қаласы.

Барша қазақ бой түзеген Астана қаласында еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің қатары аз емес. Өмір жолы бас қалаға апарған олар бүгінде елінің қарқынды дамуы жолында ерінбей еңбек етуде. «Мақат маңайынан...» атты айдарымыздың кезекті кейіпкері астаналық атанып үлгерген жерлестеріміздің бірі – Зарема Қазанғапова.

1991 жылы Доссор кентінде дүниеге келген Зарема 1996 жылы А.Құнанбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Айтуынша, мектепке ерте баруына өзінен екі жас үлкен апасынан қалғысы келмеуі себеп болған. Анасы аталмыш мектепте мұғалім болғандықтан оқушы кезінде әрдайым қатарының алды болуға ұмтылған.

«Апамды мектепке дайындау үшін базарға апарғанда, анама «мен де оқимын» деп жылап отырып алыппын. Сол жерде өз сыныптастарымнан қалмаймын деп уәде берген екем. Есімнен шығып кеткен сол оқиғаны маған кейін айтып берді. Анам тарих пәнінен сабақ бергендіктен бе, тарих пәні маған да жақын. Әлі күнге дейін мемлекеттердің тарихын білгім кеп тұрады», - дейді балалық шақтағы қызықты естелігімен бөліскен Зарема.

Кейіпкеріміз үлкен өмірге қанат қағар тұста мамандық иесі атану үшін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне оқуға түседі. Осылайша аталған университет қабырғасынан 2011 жылы журналистика бакалавры, 2013 жылы экономика магистрі дипломдарын алып шығады.

Тіпті Зарема студент кезінде «Maqat tynysy» газетінен тағылымдамадан өткен. Ал алғашқы ресми жұмысын «Жүйелер мен технологиялар орталығы» КМК-да штаттан тыс маман болып бастайды. Кейінгі еңбек жолы мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. 20 жасында Атырау облысы әкімі аппаратына инспектор болып кірген ол инвестиция және жаңа технологиялар бөлімінің бас маманы, аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болып еңбек етеді. Былтырдан бері еңбек жолы Астана қаласында жалғасуда.

«Арман қуып Елордамыз – Астана қаласына көшкеніме бір жыл үш айдың жүзі болды. Өмірімдегі осы үлкен өзгеріске себепші әрі қолдаушы болған анам. Ол менің қай бастамамды болмасын қолдап, бағыттап отырады. Атырау қаласында қызметте жүргенімде елордаға жиі іссапарға баратын едім. Сол кезде алдыма Астанаға көшу туралы мақсат қойдым. Әрине, туған өңірімді, отбасымды, ағайын-туыс, достарымды, қызметімді артқа қалдырып көшу оңай соқпады. Бірақ, алдымда нақты мақсат тұрды. Ал мен өз мақсатымнан оңайлықпен бас тартатын адам емеспін», - дегенінен Зареманың алған бетінен қайтпайтын жан екендігін аңғаруға болады.

Ол нағыз қыстың қандай екендігін сезінгені болмаса, Астананы жатырқамағандығын айтады. Жас қала атыраулық аруды өзінің сұлулығымен, жастардың болашағына көптеген мүмкіндіктер туғызатындығымен баурап алған. Зарема Астанаға ауысқанында бір жылдан астам уақыт «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Коммуникациялар департаментінің консультанты болып қызмет атқарды. Ал өткен маусым айынан бастап С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулықты сақтауды дамыту орталығының жұртшылықпен байланыс жөніндегі маманы болып жұмысын жалғастыруда.

Жасынан жауапты қызметтерді атқарып келе жатқан жанның бір басына жетердей жетістіктері бар. Атап айтар болсақ, облыс әкімінің, облыс әкімі аппараты басшысының, Мемлекеттік қызмет агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының, Жалпыұлттық референдумды және Президент сайлауын өткізуге белсене қатысқаны үшін ҚР Президентінің және ҚР Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауын өткізуге қатысқаны үшін ҚР Мәжілісінің төрағасы Е.Қошановтың алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, облыс әкімі аппараты құрамымен мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ұйымдастырылатын «Білім ринг» интеллектуалды ойындардың бірнеше мәрте жеңімпазы және жергілікті телеарнадағы «Интеллектуалдар академиясы» бағдарламасының «Үздік ойыншы» номинациясының иегері атанған.

Доссордан шығып, Атырауды бағындырып, бүгінде Астанада қоныс тепкен Зарема Саламатқызы: «Бала күнімде-ақ маған үлкен сенім артқан анамның арқасында осы дәрежеге жеттім деп есептеймін. Енді Елордада жүріп біліктілігім мен тәжірибемді толыстырып, елімнің дамуына өз үлесімді қоса түскім келеді», - дейді.

Анасының ақ батасы мен алға қойған мақсатына адалдығының арқасында өзін мойындатып жүрген арудың әлі де бағындырғысы келетін белесі көп. Сөз соңында жерлесімізге аудан атын асқақтата беруін тіледік!

А.ЕСЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT