Бүгінде кәсіпкерлікке ден қойып, өз алдына кәсіп ашуға ниеттенген жанның ісін дамытуына септесетін бағдарламалар аз емес. Тек істің ыңғайын таба білген жөн. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының бастамасына сәйкес мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға ие болған жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өндіріс көлемін көргенде осындай ойға бекіндік.
Пресс-турды ұйымдастырған қор филиалының директоры Жандос Нұрғазиновтың айтуынша, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асыру шараларының нәтижесінде облыста шағын және орта бизнес саласының қызметі жақсы жолға қойылған.
– Облыста биыл бірінші жартыжылдықта субсидиялық несие арқылы жалпы құны 24,7 миллиард теңгелік 781 жобаға қолдау көрсетілді. Ал, ішінара кепілдендіру бойынша 604 кәсіпкерлік жоба мақұлданып, 7,5 млрд. теңге несие берілді. Көрсеткіште өсім бар. Былтыр пандемия уақытында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, жеңілдіктер көбейтілген еді. Соның арқасында көптеген кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламаға қатысуына мүмкіндік туды, – деді Жандос Бақытбекұлы.
Кәсіпкерлерді ынталандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Облыс көлемінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруасын жүргізіп отырған кәсіпорындарға барып, олардың өнімді өндірістерін көруге мүмкіндік туды. Әуелі мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика және қала құрылысы саласында қолданылатын бекіту материалдарын шығаратын «Studbolt Manufacturing» ЖШС-інің өндіріс цехындағы қызу жұмыспен таныстық. Құрыш темірді қамырша илеп, нарық сұранысына ие дүниелерді түрлі қалыпта жасап шығаруға мұндағы жұмысшылар әбден машықтанып алған.
2016 жылы құрылған компания ASME, British Standart, DIN, ГОСТ, басқа да стандарттар бойынша тауарларын шығарады. Өнімді дайындауға көміртекті болат, таттанбайтын, қоспалы және супер қоспалы болат, DUPLEX, NCOLOY, INCONEL және басқа материалдар қолданылады екен.
– Ауданы 1,3 гектарлық өндірістік базаны алып жатқан кәсіпорын жоғары сапалы және кең ассортиментті металл бұйымдарын шығаруға, оның ішінде жеке тапсырыс бойынша шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын шпилькалар, алты қырлы бұрамалар, бұрандамалар және анкерлік (іргетастық) бұрандамалар шығарады. Тапсырыс берушілердің сұранысын қанағаттандырып, бекіту материалдарының кең таңдауын қамтамасыз ету үшін механикалық және химиялық анкерлер, қамыттар, U-бұрандамалар, бұрандалар, түрлі материалдардан дайындалған басқа да өнімдерді жеткізіп береміз. Қазір көптеген ірі компаниялармен тығыз іскерлік байланыс олрнады, – деді кәсіпорын директоры Сәкен Мұратов.
Кәсіпорын өз өнімдерін болашақта Ресейден басқа Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан мен Моңғолия мемлекеттеріне экспортқа шығаруды жоспарлапты. Биыл ғана «Fortebank» АҚ арқылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 14 %-дық мөлшерлемемен субсидия алған кәсіпорын қызметін одан әрі дамытуды көздеп отыр.
Өндіріс аумағын ұлғайтып, кәсібін алға жылжытуды мақсат тұтқан ең ірі тазартылған қант өндіруші «Береке Компаниялар тобы» ЖШС-інің өндіріс цехында да болдық. Кәсіпорын сауда компаниясы ретінде 2004 жылы құрылған. Содан бері отандық және шетелдік тамақ өндірушілердің дилеріне айналып, бүгінде Қытай, Түркия, Мысыр елдерімен жұмыс жасайды. Кезінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жабдықтар сатып алып, қант өндірісін бастаған екен. Содан бері өндірістік қуат көлемі біртіндеп артып, 2190 тоннаға жетіпті. Қазір нарықтағы үлесі 60%-ды құрайды.
– Бастапқыда ісімізді азық-түлік сатудан бастадық. 2016 жылы «Даму» қорының қолдауының арқасында «Жасмин» сауда белгісімен шақпақ қант шығару өндірісін қолға алдық. Қазір қор арқылы субсидия алып, өндіріс көлемін арттырып келеміз. Сонымен қатар 6 %-дық жеңілдікпен несие алдық. Қазір біздің өндірістен тәулігіне 13 тонна өнім шығады. Жуырда «Beyza» атты брендпен өнім шығаруға мүмкіндік алдық, – дейді кәсіпорын директоры Әсет Тұяқбаев.
«Даму» арқылы дамыған «Safety systems LTD» компаниясының тігін шеберханасынан арнайы киім тіктіруге деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Компания қысқы және жазғы отқа төзімді арнайы киімдер, күрткелер, сигналдық және деми-маусымдық жилеттер, деми-маусымдық күрткелер өндіреді.
Кәсіпорын директорының орынбасары Қайрат Жасақбаевтың айтуынша, Ресей, Үндістан, Қытай және Тайвань еліндегі серіктестерімен ынтымақтастық жасау арқылы өндірісті кеңейту және оның қуатын жылына 6 мың данаға дейін арттыруға мүмкіндік алыпты.
Жас кәсіпкер, қазақ-түрік лицейінің түлегі Бекболат Қуанышев өзінің «Қуанышев» ЖК орталығындағы жағымды жаңалықтарымен бөлісті. Мектеп қабырғасында бағдарлама жасауды меңгерген ол облыстық, республикалық олимпиадаларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүріпті. Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған жас маман АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы «42 Кремний алқабы» мектебінде білімін жалғастырған. Студент бола жүріп, мамандығы бойынша жұмысын жетілдірген ол студенттерге тәлімгер де болған екен. Қазір Бекболат ашқан «Pixel» бағдарламалау мектебі – қаладағы бірегей мектептердің бірі. Жас өрендер бос уақытын осы мектепке келіп тиімді өткізіп жүр.
– Мамыр айында жұмысын бастаған біздің мектепте робототехника бойынша 2, спорттық бағдарламау бойынша 1 топ бар. Олардың әрқайсысында 5 баладан бар. Мақсатымыз – Атыраудан өз алдына мобильді қосымша жасай алатын балалар тәрбиелеу. Бізде балалар ой-өрістерін дамытып, бағдарламалауды үйренеді. Наурыз айында «Даму» қоры арқылы көмек алып, бізге кепіл болып отыр, – дейді Бекболат Қуанышев.
Қазіргі заман жаңашылдығына сай жаңа технологияларды игеріп жатқан жерлесіміздің ісіне ерекше сүйсіндік. Болашақта балалардың ғылымға машықтанып, қабілетін арттыруына осындай мектеп-орталықтардың көмегі зор болары даусыз.
Былтыр пандемия кезінде бетперденің мол сұранысқа ие болғаны рас. Сол кезде «Доктор Хаус» компаниясы арнайы жабдықтар сатып алып, қолжетімді бағамен бетперде шығаруды қолға алды. Жобаға «Forte bank» АҚ «Басым жобаларға несие беру тетігі» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 14 % несиемен қолдау көрсеткен. Қазір компания цехында 20 адам жұмыс жасайды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ – кәсіпкерлікті қолдау шараларының негізгі операторы. Бұған өзіміз көрген кәсіпорындардың мемлекеттік бағдарламалар негізінде істерін ілгерілетіп, өндіріс қуатын арттыруға жасап жатқан әрекеті дәлел. Қор филиалының тұтынушылармен жұмыс жөніндегі бас менеджері Роза Байсалихованың пікірінше, осындай игілікті қолдаулардың нәтижесінде тек Атырау облысы емес, елдің дамуына да серпін беретін бастамаларға жол ашыла бермек.
Алмас ҚАБДОЛОВ