Өткен жылы еліміздің саяси салаларында нақты өзгерістер орын алды. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Содан кейін бұрын-соңды елімізде орын алмаған кең көлемді өзгерістер болды. Мемлекет басшысының бастамасымен Ата Заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, Конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды.
Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болғаны сөзсіз. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген болатын. Жаңа заңға сәйкес, өткен жылдың 20 қарашасында Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси партияның мүшелігінен шықты. Парламент пен мәслихаттардың жасақтау тәртібі өзгеріп, олардың өкілеттігі күшейді. Конституциялық сот құрылып, жыл басынан жұмыс істей бастады.
Сонымен бірге биыл Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, 19 наурызда жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының негізгі бағыттарының бірі – партия құрылысын ырықтандыру десек, оны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Бұл шаралар партиялардың құрылуына да, сондай-ақ олардың өз саяси мақсаттарын жүзеге асырып, сайлаушылардың мүдделерін қорғау үшін Парламентке кіру мүмкіндіктерін де айтарлықтай кеңейтті.
Осының бәрі елдің дамуы жолында жасалынған дұрыс шешім болды деп білеміз. Мұны бүкіл қазақстандық жақсы қабылдады және “Әділетті Қазақстанның” болашағына деген сенім беки түскендей.
Дюсемалиева Светлана Шыңғалиқызы,
«Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары