Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуына ерекше тоқталып: «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек», деді. Бұл – сала мамандарына артылған зор сенім мен жауапкершілік.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы осы бағытта инфрақұрылымды дамыту, мәдениет қызметкерлерін қолдау, цифрлық трансформация мен инновацияны енгізу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады. Бірақ мемлекет қолдауын дұрыс пайдаланып, заман талабына сай жүйелі өзгеріс енгізіп алға жылжу – бәсекеге қабілетті ел болудың басты кепілі. Ол үшін даму, өркендеу, жаңашылдыққа бет бұру сияқты тыңнан түрен салатын жолдарды қарастырған абзал.
Әлемдік экономиканың өзі қалт-құлт етіп тұрған кезде бюджетке 100% масыл болудан арылып, өзін-өзі қаржыландыру тетіктерін жан-жақты талдап, бұқараның руханиятқа қызығушылығын қалай арттыруға болады деген сұрақтың жауабын табуға тиіспіз. Қазір халықаралық ұйымдар, жұмыс орындарын ашу мен көбейтуге қарағанда экономикаға мәдениет пен өнердің әлдеқайда артығырақ үлес қосатынын айтып отыр. Болашақта осы жолға ойысқанымыз дұрыс. Елімізде қаншама мәдениет үйі, театр мен концерт залдарының атшаптырым фойелері қаңырап бос тұрады. Мүмкін осы жерлерге мәдениетке қатысты сауда нүктелерін қоюдан бастауымыз керек шығар. Дамыған елдердің мәдени ғимараттарында бос жер болмайды, барлық алаңында сауда қайнап жатады. Бізде де жалға беру мүмкіндігі қарастырылған. Әйтсе де, механизмі өте күрделі. Қаржы ғимаратқа басшылық ететін мекемеге тікелей түспейді. Экономика басқармасы арқылы жүзеге асады. Сол себепті мекеме басшылығының қызығушылығы төмен. Сондықтан мұны қосымша табыс табудың негізгі көзі ретінде әр мекемеге міндеттеу керек. Жалға берілген жерлерге сұраныс артқан сайын мемлекеттен бөлінетін қаржы да қысқара береді. Бұл реформа бөлінген қаржының оңды-солды жұмсалуын тыйып, кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің түйінін шешуге көмектесер еді. Мысалы, кейбір өңірде мұражай мен архивтердің жәдігер мен деректерге лық толып тұрғанын байқайсың. Бірақ кітапханалардың жағдайы мәз емес. Бүгінде тұрғындары мың адамға жетпейтін ауылда мәдениет үйін салуға ақша бөлінбейді. Мәдениет үйлері ескі болған соң оның жыл сайынғы шығындары ұлғайып тұрады. Онда күзетші мен пеш жағушыны қосқанда, әрі кетсе, жеті-сегіз адам жұмыс істейді. Бұл мамандардың басты міндеті – халықпен тығыз жұмыс жасау, рухани байланыс орнату. Бірақ мұны атқарып жатыр деп айта алмаймыз. Қазір жасы да, жасамысы да өзіне қажетті дүниені әлеуметтік желіден табады. Телеарнаны қосып қалсаң, концерт пен шоудан көз сүрінеді. Эстрада әншілері қала, аудан орталығындағы тойханаларда күнде ән шырқайды. Қысқаша айтқанда, елдің музыкалық өнермен сусындауы мөлшерден асып тұр.
Осы орайда бүгінгі ауыл тірлігінің басты күретамыры саналатын мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатсақ, мәселенің шешімін табатын сияқтымыз. Білім мен мәдениет – құстың қос қанатындай егіз ұғым. Мектеп ішіндегі жиналыс залы функциясын өзгертіп, мәдениет бөлімімен бірігіп жұмыс істесе, білім бағдарламасына бәлендей кедергі болмайды деп ойлаймын. Қайта сол жерден талантты балаларды іріктеп, олардың өнерге деген қызығушылығын оятып, ұжым болып нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік туғызар еді. Бұл, біріншіден, кадр тапшылығын азайтады, екіншіден, қаржы үнемдеудің бірден-бір жолы.
Әр ауылға заманауи үлгідегі, жастарды өзіне тарта алатындай кітап ордасын салу – заман талабы. Мәселен, көп елді мекенде кітапхана ескі ғимараттарда орналасқан немесе мәдениет үйінің ішіндегі екі-үш бөлмесінде отыруға мәжбүр. Мұндай келеңсіздіктер кітапханаларды жаңғыртуға мүмкіндік бермейді. Интернетке шамадан тыс тәуелділік, азаматтардың лудомания секілді қауіпті дертке шалдығуына себепкер болып отыр. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында «Кітап оқитын ұлтты» қалыптастыру қажеттілігіне баса назар аударып: «Шын мәнінде, озықойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деді. Іле-шала «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы басталды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда қаншама қорынан айрылып қалған ауыл кітапханаларының сөрелерін жаңа жинақпен толтыру үшін жергілікті бюджеттен қазірде тиісті қаржы бөлініп отыр. Осы тұста ескеретін бір жайт: келетін кітаптар тек әдеби, тарихи туындылармен шектелмей, сол ауылдағы басты тірлікке негізделген (мал шаруашылығы, егін, шахта, т.б.) тақырыпты қамтитын кітаптармен толықса дейміз. Тәжірибе алмасу үшін мұндай кітаптарды ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған мемлекеттерден алып, қазақшаға аударып оқырманға ұсынса, құба-құп болар еді.
Кейінгі кезде кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылдарда мәдениет үйі бой көтере бастады. Оның ішінде қалаға жақын, халық саны көп елді мекендер бар. Алайда мұның да түйткілді тұсы бар. Ауылда да, қалада да мәдениет нысандарын салу, реконструкциялау кезінде құрылыс компаниялары театр, концерт залы, клуб, музей құрлысының ерекшеліктерін ескермейді. Театрлар мен концерт залдарында акустика, орындықтардың орналасуы, грим бөлмелері, хореографиялық залдар, цехтар мұқият жобалануы керек. Сметалық құжатта осы қаралмаса, табанақы, маңдай тер зая кеткенмен бірдей. Ол үшін «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына мәдениет нысандарын салу және реконструкциялау үшін лицензия мен сертификаттардың болуын талап ететін өзгеріс енгізуі қажет.
Мәдениет – адамды рухани-эстетикалық жағынан дамытудың басты құралы. Осыған байланысты Қарағанды облысында түрлі ірі жобаларды қолға алып отырмыз. Мысалы, Шет ауданы Талды тарихи-археологиялық саябағы маңынан сонау темір, қола дәуірінен сыр шертетін қазба орындары табылды. Осыны насихаттау үшін Талды ауылында байырғы дәуірге негізделген реалити шоу ұйымдастырып, шатырлар тігіп, ғылыми-танымдық конференция және басқа да шаралар өткізу жоспарда тұр. «Бай қымыз» жобасын Қарқаралы жерінде өткізсек деп ұйғарып отырмыз. Қасиетті Арқа өңірі – қымыздың отаны. Жобада қымызды ғана насихаттамай, түрлі этнографиялық құндылықтарымызды көрсетеміз. Соның ішінде «садақ ату», «жүйрік тазы», «сүтті бие» сияқты аталымдармен қоса, басқа да құнды деректерді бұқара назарына ұсынамыз. Бұл ұлттық брендіміздің бағасын көтеріп, отандық туризмге серпін беруге басымдық беріледі.
Қарағанды облысы – туризм саласын дамытуға өте қолайлы жер. Көне тарихы, көз тартар табиғаты соған сұранып тұр. Ендеше, туризмді дамыту үшін алыс-жақыннан келген туристерге жағдай жасап, көңілін көтеретін іс-шараларды жүзеге асуруға тиіспіз. Соның бірегейі – Көкше теңізі жағасында өтетін «Balkhash Tour Fest» фестивалі. Бұл жерде басымдық экотуризм болады. Экотуризм – келген қонақтарға табиғатты тамашалауға, жергілікті мәдени-мұра мен дәстүрді танып-білуге мүмкіндік береді.
Өнерді құрметтеу, талантты қадірлеу – қанымызға сіңген қасиет. Кейде біздің әріптестер түрлі жерде концерт беруге мәжбүр болады. Соның бірі – ауылшаруашылық жәрмеңкесі. Ат төбеліндей адам ғана болмаса, аттың түгіндей ығы-жығы боп артынып-тартынған халық әнді қайдан тыңдасын? У-шумен назар да аудармайды. Сондықтан ауылшаруашылық жәрмеңкесіне өнер адамдарын сабылтпай, дыбыс колонкасы арқылы ән мен күйді жаңғыртып қойса екі жаққа да тиімді болушы еді.
Жапон экономисі Иосихара Кунионың «Жапонияның дамуына себеп болған факторлардың бірі – оның мәдениеті» деген сөзі бар. Халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан дарынды азаматтарымыздың еңбегі өлшеусіз. Олардың қызметі – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Осындай таланттардың арқасында жоспарымыз жүзеге асып, жұлдызымыз жарқырайтынына кәміл сенемін.
Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы