Елдің қуатын еңбек арттырады

(0 Votes)

Ғылым мен технология жетілген қазіргідей жаңарған заманда экономикалық даму ең алдыңғы кезекке шықты деген пікірлер жиі айтылады. Біздің қуатты өңірлер хақында сөз қозғауымыз да содан. Бұл ретте елдің еңсесін тіктейтін еңбек деп келетін ертеден қалыптасқан қағиданың да салмағы артары осы тұс десек болар. Сондықтан қай кезеңде де адамзат игілігі мен ел дамуын қамтамасыз ететін еңбек тәрбиесіне қазір де көңілдің көбірек бөлінуі керектігіне сөз жоқ.

 Келмеске кеткен кеңестік кезеңнен қалған тұтынушылық пиғыл қоғамда масылдық психология қалыптастырды. Осы жерде де тұтынушылыққа бейімделген идео-логиямен, жаппай масылдықпен күресу үшін әрбір қазақстандықтың еселенген еңбегіне, еңбек өнімділігі мен еңбек құндылығына баса мән беру қажеттілігі айқын көрініс берді. Демек, әрбір қоғам мүшесі «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» (Абай) қағидатын терең түсініп, адал еңбек етуге әрекеттенуі керектігі бұрын да айтылып келді, бүгін де мәнін жойған емес.

Елдің еңсесін көтеретін еңбектің маңызын қоғамның әрбір мүшесі ұғынып, өңірдің қуаттылығын арттыруға шамасы келгенінше үлес қосса, ол өзі үшін де, еліміз үшін де пайдалы қадам. Кім не береді деп жалтақтағаннан, әркім қолынан келетін іспен айналысса, өмірі берекелі болатыны айқын. Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, мәдени байлықтар адам еңбегімен жасалатындықтан, қуатты өңірлер қалыптастыру да өнімді еңбектің арқасында жүзеге асар іс десек қателеспегеніміз. Бүкіл қоғам адал еңбекке бет бұрып, тынымсыз әрекеттенсе, азаматтардың тұрмысы түзеліп, мемлекеттің даму деңгейі артатыны – әуелден мәлім жайт. Аз жұмыс істеп, көп табыс табу, жан қинамай байлыққа бату секілді алдамшы ойлардан арылып, игілікке жетудің оңтайлы жолдарын ойлас-тыратын уақыт әлдеқашан жеткен. Сағым қуғандай алдамшы елес-пен жүрудің күні өткенін, әркім қолынан келетін іспен айналысып, қабілетіне қарай еңбектенсе, ол нәтижесіз болмайтынын қазіргі таңда әр адамның санасына жеткізу өте маңызды екенін де айтады мамандар. Сондай-ақ ғаламтор мен ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға үйренудің де еткен еңбектің нәтижелілігіне бастарын ескерген де артық емес.

Халықтың әл-ауқатын жақсартып, елді көркейтудің ең төте жолы еңбек дегенде, сол еңбегімен елге де, жерге де пайдасын тигізіп, өзгеге өнеге болған жандар өз ауданымызда аз болмағаны ойға оралады. Олардың арасында ондаған малбегілер, мұнайшылар, мәдениет майталмандары мен оқу-білім ісінің озаттары, жүргізушілер мен механизаторлар, басқа да сала мамандары бар. Бүгінгі күндері солардың өмірде жоқтарының есімдері ұмытылмай, түрлі шежірелік кітаптарға еніп, көшелерге есімдерін беріп, өсер ұрпаққа деп өнегесін теріп жүрсек сол еңбектің, еңбекқорлығының бір нәтижесі. Қазір ортамызда жүргендерін де ескеріп, құрмет қылып, төрге оздырып жатсақ, тұтас бір жылға «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп ат беріп, айдар тақсақ, ол да сол еңбектің арқасы, екінші жағынан еңбекті дәріптеудің ерекше көрінісі.

Елдің экономикалық тұрақты дамуына негіз болатын жалпыадамзаттық құндылық – еңбекті алдыңғы орынға қойып, мазмұнын қайта жаңғырту мемлекет үшін де маңызды. Еңбек – елдің де, жеке адамның да өсіп-өркендеуінің кепілі. Халықтың әл-ауқаты жақсы болса, мемлекеттің де келешегі кемел болмағы белгілі десек, оның негізі сол еңбекте жатқаны да айдай ақиқат жайт.

Соңғы жылдары елдегі өндіріс-тердің көптеп ашылуы жұмыс орындарына деген сұранысты қанағаттандырғанмен, кейде маман мен жұмысшы тапшылығына қатысты мәселе туындап жатады. Осы орайда «Егер біздің қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Қазақстандық жас болсын, ересек болсын бос отырып, бәрін сынай бермей жұмыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек!» деген тұңғыш президенттің пікірі де осындайда ойға оралады. Сондай-ақ «Ол үшін қоғамның еңбекші күшінің санасын жаңғыртып, қоғамдық сананы өзгертуге ұмтылу керек. Қоғамдық сананы өзгерту – қоғамды өзгертумен пара-пар, сондықтан қоғамдық сананы өзгертуге ықпал ететін қазақтың ұтымды сөздерін орнымен жұмсап, халыққа түсінікті әрі жүйелі жеткізу маңызды. Нарықтық экономикаға бейімделген қоғамдық қатынастарды реттеу барысында еңбекке басымдық беру жеке адам үшін де, қоғам үшін де тиімді болатынын қарапайым халыққа қарапайым тілмен түсіндіру қажет. Өзіне пайдалы нәрсе ұғымды сөзбен айтылса, кез келген адам құлақ түреді» деген мамандар пікірі де көңілге қонымды.

Ұлттық құндылықтар мен қоғамдық өзгерістерді сабақтастырып, үрдісті үзбей, дәстүрді бұзбай, тілді шұбарламай, еңбекке икемді ұрпақты тәрбиелеу үшін жүйелі сөзді орнымен қолдана білу маңызды. Қалай болғанда да өскелең ұрпақты рухани байытып, адал еңбек пен кәсіпкерлікке жұмылдыру қай жағынан да тиімді.

Жалпы алғанда, қазақ – табиғатынан еңбексүйгіш халық! Жаны таза, ниеті адал қазақ арам жолмен табылған нанды дастарқанына қоймаған. Алла молынан несібе берсе, шүкірлік етіп, аз берсе, қанағат қылған. «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген бабаларымыз арамтамақтарды «Жалқаудың жаны – тәтті» деп мысқылдаса, өзгенің еңбегін пайдаланатындарды «арамтамақ» деп бағалаған. Дана халқымыз «Еңбектің наны – тәтті» деп маңдай термен, адал еңбекпен келген несібенің берекелі болатынын меңзесе, адал еңбектің рақатын «Бейнет түбі – зейнет» деп тұжырымдаған. Себебі, ауа райы сан құбылған, табиғаты әрқилы – шөлі мен шөлейті, батпағы мен тауы, орманы мен ойпаты бар кең даланы өмірі мен кәсібіне бейімдеу үшін бабаларымыз бел шешпей еңбектенген. Айналысқан кәсібі мал болған соң, оның қилы қиындықтарына төзіп, шөл даладан құдық қазып, қысы-жазы еңбектенген. Дала қазағы үшін төрт түлікті күтіп-бағып, мал басын арттыру, асыл тұқымдыларын көбейту, киіз үйдің жасау-жабдығын әзірлеу, қала қазағы үшін қала тұрғызу, диқаншылық жасау, бау-бақша салу сынды еңбек түрлері ата-бабамызға таңсық болмағанын тарихшы, археологтар да дәлелдеп келеді. Замана көшінде ұрпақтар ауысқанымен, жасампаз халық ұлтының асыл құндылықтарын ардақтап, кейінгіге қалдырып отыратыны – өмір заңдылығы. Әрбір қоғам мүшесі халқымыздың қанында бар еңбексүйгіштікті терең ұғынса, еріншек болмаса, өзіне де, қоғамға да пайда. Халқының қамын ойлаған, күні кеше 180 жылдығын дүйім ел ескерген ұлы Абайдың: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап, Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген дана тағылымын өскелең ұрпақ жадында сақтап, адал еңбекке бейімделсе, еліміз де замана көшінен қалмай, қуаты артып, абыройы асқақтай түспегі анық.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT