Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов АЭС салу туралы шешім қабылданса, құрылыстың жобасы мен барысын кім қадағалайтынын айтты.
«Заманауи Атом электр станциялары көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Қазақстанда Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынатын болады», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол Қазақстанда АЭС салынса, уран бағасының ауытқуы біздегі электр қуатының тарифіне әсер етпейді деп сендірді.
«Сонымен қатар шикізат базасы өзімізде, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейді. Бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Премьер-министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында атом энергетикасының су, жел, күн энергетикасынан артықшылығы қандай екені туралы пайымын айтқан еді.