Қай қоғамда болмасын, жұмысшы мамандықтары экономиканың өзегі, өндірістің жүрегі болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиістігін, шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік екендігін атап өтті.
Зауыттағы шебер, құрылысшы, механизатор, дәнекерлеуші, жол жөндеуші, электр мамандары – барлығы ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Бүгінде, елімізде жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс жоғары. Өйткені өнеркәсіптің, құрылыс саласының, ауыл шаруашылығының дамуы осы мамандық иелеріне тікелей байланысты.
Президент өз Жолдауында «Біз кәсіптік білім мен жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруіміз қажет» деп ерекше атап өтті. Бұл – тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да ортақ міндеті. Қарапайым еңбек адамдарының еңбегі көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ олардың маңызы зор. Бір мысал, жол жөндеушілер болмаса, біз жайлы жолдармен жүре алмас едік, құрылысшылардың еңбегінсіз баспаналы болу мүмкін емес, ал ауыл шаруашылығында тер төгетін еңбеккерлерсіз азық-түлік тапшылығы сезілер еді. Қазір елімізде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асуда.
Бұл – ел экономикасының тұрақты дамуына жасалған нақты қадам. Жұмысшы мамандықтарын игеру – тек тұрақты табыс көзіне айналумен шектелмейді. Ол – елге қызмет етудің, өз ісіңе адал болудың, еңбектің қадірін түсінудің жолы. Сондықтан еңбек адамдарына деген құрмет әрдайым жоғары болуы тиіс. Қарапайым еңбек – мемлекеттің мықты тірегі!
Самғат ҚАЙРАТҰЛЫ
Қызылқоға ауданы