Экономикалық зерттеулер институты: Қазақстан экономикасы оң даму динамикасын көрсетеді

(0 Votes)

Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметтері бойынша, Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2025 жылғы қаңтар–сәуірде, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 6%-ға ұлғайды. Экономиканың өсу қарқыны тұрақты үдеуді: қаңтардағы 3,8%-дан бірінші тоқсандағы 5,6%-ға дейін және төрт айдың қорытындысы бойынша 6% көрсетеді.

"Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының аға сарапшысы Рамазан Есенгазиев бұл өсім экономиканың негізгі секторларындағы тұрақты және оң серпінді көрсететінін атап өтті.

«Жалпы айтқанда, ЖІӨ өсімі өнеркәсіптік өндірістің де, қызмет көрсету саласының да теңгерімді дамуымен байланысты, олар сәйкесінше шамамен 7,5% және 5,3% өсті. Сонымен қатар, инвестицияларды да ерекше атап өткен жөн — олардың негізгі капиталға шаққандағы көлемі 13,7%-ға, бұл ретте, өңдеу өнеркәсібінде әсерлі 34,3%-ға өсті. Мұның бәрі бүгінгі таңда экономиканың өсу сипаты шынымен де сапалы екенін көрсетеді», — деп түсіндірді сарапшы.

Ол сондай-ақ өнеркәсіп салалары, оның ішінде тау-кен және өңдеу, құрылыс, сауда және көлік салалары экономиканың өсуіне үлкен үлес қосатынын атап өтті. «Мысалы, Көлік және қоймалау 22,4%-ға, құрылыс 16,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі 7,2%-ға, тау-кен өндіру 7,1%-ға, соның ішінде мұнай өндіру 8,8%-ға ұлғайды. Сауда-саттыққа келетін болсақ, көлем шамамен 7%-ға өсті», — деп мәлімдеді Рамазан Есенгазиев.

Статистика деректері өнеркәсіптік өндірістің осы оң динамикасын растайды. Өнімнің жалпы өнімі 6,6%-ға өсті, бұл ретте, машина жасау 11,2%, тамақ өнімдерін өндіру 12%, мұнай өңдеу 13,7%, химия өнеркәсібі 11,2%, металл бұйымдарын өндіру 21,6%, құрылыс материалдарын өндіру 12,9% қосты. Сондай-ақ көмір өндірудің 11,2%-ға өсуі байқалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 16,2%-ға ұлғайды.

Ол тамақ өнімдерін өндірудің, машина жасаудың, жабдықтарды жөндеу мен орнатудың өсуі арқылы қамтамасыз етілетін өңдеу өнеркәсібінің дамуын ерекше атап өтті. «Мұнда оң динамика ішкі және сыртқы сұраныстың өсуіне, тау-кен компаниялары тарапынан шикізаттың тұрақты жеткізілуіне, сондай-ақ құрылыс материалдары мен компоненттерінің едәуір көлемін қажет ететін көптеген инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты болуы мүмкін», - деп түсіндірді Рамазан Есенгазиев.

Сонымен қатар, 2025 жылғы қаңтар–сәуірде Қазақстанда шамамен 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 6,8%-ға артық. Сондай-ақ, көлік қызметтерінің көлемі 22,4%-ға едәуір өсті, бұған, ең алдымен, теміржол және құбыр көлігімен жүк тасымалының өсуі ықпал етті.

Инвестициялық белсенділіктің өсуі - экономиканы қолдаудың тағы бір маңызды факторы. 2025 жылдың алғашқы төрт айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 13,7%-ға өсті.

Ол инвестициялық белсенділіктің негізгі драйверлері — "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы және "Инвестиция орнына тариф" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру екенін атап өтті. «Осы бастамалар аясында бүкіл ел бойынша жаңа мектептер салынып, жұмыс істеп тұрған мектептер жөнделуде, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылады. Бұдан басқа, инвестицияларға көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобалар — теміржол объектілерін салу, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау және басқа да ірі жобалар қосымша қолдау көрсетеді», — деп мәлімдеді Рамазан Есенгазиев.

«Инвестициялық жобалардың елеулі саны өңдеу өнеркәсібінде-металлургия, мұнай өңдеу, газ өңдеу, химия өнеркәсібі және машина жасауда да іске асырылады», — деп қорытындылады сарапшы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT