Таяуда Мемлекекттік қызмет істер агенттігі "Клиентке бағдарланған қызмет көрсетуші" ұранымен мемлекетпен біте қайнасып жұмыс жасап жатқан қызметкерлерді ынталандыруға және қызметтік мәртебесін арттыруға бағытталған "Үздік сапалы қызмет көрсетуші" конкурсын алғаш рет ұйымдастырған болатын. Аталған конкурстың мақсаты мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мен клиентке бағдарлану, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың имиджін нығайту болды.
Аталмыш байқауға ірі қалалар мен аймақтардан сала қызметкерлері қатысып, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға арналған өз бейнематериалдарын қорғады. Соның ішінде, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі өз жұмысын алдымен облыстық конкурста қорғап, 7 ауданның ішінен ерекше көзге түсіп, республикаға жолдама алған болатын. Республикалық кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан бөлімдер арасында дараланып, "Үздік сапалы қызмет көрсетуші" атағын жеңіп алды.
Жеңіс әкелген бейнематериалда сала қызметкерлерінің жұмысы, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің ішкі тынысы, көрсетілген қызметтер саны, әр бөлімнің өзіндік ерекшеліктері мен клиенттерді қабылдау, халыққа қызмет көрсететін технологиялар мен аппараттар таныстырылып, байқау талабына сай толыққанды түсіндірілген.
Республикалық байқаудан үздік атанған жүлдені аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Г.Өтешова Елордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д.Жазықбаев және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлігенов қатысқан арнайы шарада алып қайтты.
"Бұл жеңісіміз алдымен бөлім қызметкерлерінің еңбегі деп білемін. "Халыққа қызмет - басты міндет" деген ұстаныммен бөлім қызметкерлері әрқашан сапалы қызмет көрсетуге жұмыстанып келеді. Бөлмнің көмегіне негізінен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар жүгінеді. Олардың орнына өзімізді қойып, сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз",-дейді бөлім басшысы Г.Өтешова.
Жалпы аталмыш бөлімде азаматтарға 24 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Атап айтар болсақ, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде - 8, мүгедектер мен ардагерлер жөнінде - 16, жұмыспен қамту бойынша - 4 қызмет ұсынылады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсету қолжетімді болу мақсатында барлық жағдай жасалған.
Жұмыспен қамту орталығында жыл басынан бері баламалы түрде 385 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген болса, оның ішінде 14 электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асқан.
А.Жұмабергенова