Республикалық «Мейірім бағы» қайырымдылық қоры жергілікті «Айналайын баладан» қоғамдық қорымен бірлесе Доссор кентіндегі 4 отбасыға баспана сыйлады.
Олар: 13 жылдан бері пәтер жалдап тұратын жалғызбасты ана Жанна Серікова, 4 жасынан ІІ топ мүгедегі, бүгінде жұбайымен бірге 5 баланы тәрбиелеп отырған Мұхаммедәли Ештаев, омыраудың қатерлі ісігі себебінен 40 рет химиятерапиядан өткен, 12 жыл үй жалдап жүрген жалғызбасты ана Жайнагүл Жұмабаева және 10 жылдан бері үйсіз жүрген бір өзі 2 бала өсіріп отырған Әсел Өтемісова.
«Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен қасиетті қайырымды жұма күні 4 отбасын баспанамен қамтуға мұрындық болдық. Қоғам ортасында жүргесін өмірдің тауқыметіне түскен әртүрлі адамдарды кездестіреміз. Көпбалалы отбасылар мемлекет тарапынан қолдау тауып жатады. Ал жалғызбасты аналар және мүгедек жандар назардан тыс қалады. Әлеуметтік көмек те ала алмайды, үй кезегіне де тұра алмайды. Міне, осындай отбасылар айналамызда жетерлік. Оларға ақыл-кеңес беріп қажет емес, оларға тек қана қолдан келгенше қолдау көрсету керек», - дейді «Айналайын баладан» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Мусина.
Үйлерді табыстау рәсімі жергілікті өнерпаздардың қатысуымен салтанатты түрде өтіп, ауыл ақсақалдары дастархан үстінде ақ баталарын берді. «Мейірім бағы» қайырымдылық қорының делегациясын «Жігіттер» квартетінің мүшесі Ердос Қанаевтың өзі бастап келді. Әкімшіліктің үй кезегі жылжымай тұрғанда халық өз-өзіне қол ұшын созғаннан басқа амал жоқ.
А.Есжан