Доссор - мұнайлы өлкенің қарашаңырағы деп бекер айтылмаса керек. Осы орайда орыстың жиһангер – жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Мен қаһармандық дегеніміз – Доссор екеніне көз жеткіздім» - дегені көп нәрсені аңғартқандай. Жазушының жазғанындай, өлкемізде атабабаларымыз «жан беріп, жан алып» маңдай терімен өндірген «қара алтынның» ізі жатқанын мойындаймыз. Жылдар жылжып өткен сайын Доссордың өсіп-өркендеп келе жатқанына көңіліміз марқаяды. «Жақсы істі көрмекке, көпке үлгі бермекке» демекші, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайында үлкен өзгерістердің жүріп жатқандығы белгілі. Әлі де көркейіп, көріктенгенін қалаймыз. Келер жылы Доссорға 110 жыл толмақ. Осы орайда Доссордың атын бүкіл елге әйгілі еткен №3 ұңғыма маңына жол салып, оны әдемі мәдени ескерткіш ретінде танытсақ деген ұсынысымыз бар.
Биылғы жылдың көктем мезгілінен бастап дүние жүзіне таралған індеттің біздің елімізді де, тіпті ауданымызды да айналып өтпегеніне бәріміз куәміз. Салдарынан бірқатар мекемелер, кәсіпкерлер жоспардағы жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Той томалақ жасауға тосқауыл қойылды. Десе де, атаулы датаны кентіміздің көгалдандыруына бетбұрыс жасап, атап өтсек деген ойдамыз.
Ауданымыз табиғаты қатал, шөлейтті аумақ. Өндірісті өңір болғандықтан да экологиясы мақтарлық емес, әрине.
Ауыл аймақтарымызда жасыл желек тым аз болды. Бірлі-жарым ауласына ағаш егіп, жайқалтып қойғандар болмаса, тал-терек дегеннен жұрдай едік. Дегенмен біраз жылдан бері кентіміздің көгалдануымен атсалысып жүрген мәслихат депутаты Әділбек Идиятовтың еңбекқорлығы нәтижесінде кентіміз жасыл желекке оранды. Егілген шыбықтар бой көтеріп, жайқалуда.
Жақында Әділбек Идиятов бастауымен кентке тағы да 6 мың тал егілетінін естігенде бір марқайып қалдық. Ол бірнеше жылдан бері кенттің көгалдандыру жұмыстарын өз қаражат есебінен қолға алып, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарды атқарып келеді. Биыл да сол дәстүр жалғасын тауып жатқаны бізді қуантады. Жақында Әділбектің бастамасына ақ батамызды беру үшін кеңес өткізіп, оның алдағы жоспарларын талқыладық.
Мәслихат депутаты өзінің жасап жатқан жұмыстарына қолқабыс етіп жүрген жолдастарына, ауылдастарына, техникамен көмектесіп жүрген мекеме басшыларына ризашылығын білдіріп жатты.
Осы орайда өз еңбегімен осындай жұмыстарды көтеріп, оны жүзеге асырып жатқан жерлесімізге қолдау көрсетсек деген ой келеді. Әрине, қолдап жүрген жігіттерге алғыс айтамыз, тек осы жұмыс жолда тұрып қалмаса деген тілегіміз бар.
Экологиялық ахуалды жақсартудың бір амалы айналамызды жасыл желекке орау емес пе? Сондықтан көгалдандыру мәселесі халықтық сипат алуы керек. Әкімшілік көше көшеге тал ексе, тұрғындар өздерінің ауласына, жұмыс жасайтын кеңселері қасына, балалары баратын балабақшаларға, мектептерге ағаш ексе, оны күтіп-баптауды өз қолдарына алса, ауданымызда көз тоқтатар көк желек көбейіп, ауасы тазарып қалмай ма? Мұның бәрі кім үшін қажет? Әрине, өзіміз үшін. Туған жеріміз осы жер болса, тұрағымыз осы жер болса, күнбе-күн сол ауамен тыныстап, сол көшелермен жүрсек, бұған немқұрайлы қарауға бола ма? «Атадан мал қалмаса да, тал қалсын» деген халық нақылын қайда жібереміз? Жасыл желектің қазір әкелер пайдасы шаш-етектен екені өз алдына, әріден ойласақ, бүгін еккен шыбығымыз ертең биік ағашқа айналып, ұрпағымыз бізге мың да бір рақметін айтып, саялы көлеңкеде жүреді ғой. Өзіміз де ауылымыздың кей жерлеріне шоқ-шоқ болып аспанға ұмтыла өскен үлкен ағаштарды көргенде сол ағаштарды отырғызған адамға ризашылық сезімде болатынымыз рас қой. Сондықтан да бүгініміз үшін, болашағымыз үшін айналамызды көгалдандырайық!
Осы жұмыстарды атқаруда аудан, кент әкімдері де қарап отырмағанын білеміз. Әрі қарай осы егілген ағаштарды сумен қамту жайы да мазалайды. Осы орайда Доссордан шығатын кәріз суларын қайтадан сүзгіден өткізіп, көгалдандыру жұмысына пайдалансақ деген ой бар. Әрине, бұл бағытта жергілікті биліктің де өз жоспары бар екені анық.
Осы орайда кенттің көгалдандыру жұмысына атсалысып жүрген азаматтардың еңбегін жоғары бағалап, ардагерлерде өз үлесімізді қосуға шешім қабылдадық.
Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстарына кенттің барлық тұрғындарын бір кісідей атсалысуға шақырамыз.
«Көп түкірсе – көл» демекші, тал егу жұмыстарын көп болып қолдайық, көгалдандыру жұмыстарына бір кісідей атсалысыйық.
Н.БАЙНИЯЗОВ,
Доссор кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы