Доссор кітапханаларында Республика күніне орай «Мәңгілік жаса, Қыран елім Қазақстаным!» тақырыбында мерекелік шара өтті.
Шараның мақсаты – жас өрендерге Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі қалыптасу тарихымен таныстыру, олардың болашақта еліміздің дамуына өзіндік үлес қосатын тұлғалар екендігін ұғындыру, елін сүюге, құрметтеуге, отанын қастерлеуге тәрбиелеуге шақыру болды. Алдымен қатысушыларға Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері, ішкі және халықаралық аренадағы экономикалық жәнe саяси жетістіктері туралы әдебиеттерге шолу жасалып, кітаптың мазмұндары қысқаша таныстырылды.
Шараға Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінің домбыра үйірмесінің шәкірттері қатысып, өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ шараның бас-қасынан табылған С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының оқушылары ақындардың патриоттық өлеңдері мен ата-бабаларымыздың өнеге етіп қалдырған даналық сөздерін нақышына келтіріп оқып берді.
Кеш соңында шараны ұйымдастырушы кітапхана мамандары домбыра үйірмесінің жетекшісі Ш.Жылқышиева және оқушылардың сынып жетекшісі Н.Қожағұловаға алғыстарын білдірді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА