Астанада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен Disney студиясының «Моана 2» анимациялық фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты, — деп хабарлайды kazinform.kz.
«Disney студиясының «Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы көрерменге жол тартты. Бұл Disney студиясының біздің ұсынысымыз бойынша, өз қаражатына аударылып жатқан екінші фильм. Жыл аяғына дейін тағы бір фильм және келесі жылға тағы бір фильмді қазақ тілінде ұсыну жоспарланған. Ірі халықаралық студиялардың қазақ тіліне бет бұруы, бұл өте маңызды. Әрине, елімізде бұған дейін де әлем фильмдері қазақ тілінде дубляж жасалып, көрерменге ұсынылып келеді, бірақ олар демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Үлкен студиялар өз туындысын әлемнің 30 шақты тіліне аударып ұсынады, енді солардың қатарында қазақ тілі де бар», — деді «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы әлемдік туындының қазақ тіліндегі көрсетілімі барысында. Оның айтуынша, әлемдік анимациялық фильмді қазақ тіліне аударудағы мақсат – ана тілін ұлықтау, балаларды қазақша сөйлеп, ойлауға баулу.
Айта кетсек, аталған мультфильм қазақ тілінде еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі және демалыс күндері қолайлы уақытқа қойылған.
«Дубляж – өз алдына бөлек индустрия. Оның Қазақстанда кеңінен дамуы өте маңызды. Ал қазақ дубляжының алдында тұрған міндет, кез келген әлемдік фильмді қазақы болмысқа келтіріп, қазақы ортаға бейімдеп аударып, көрерменге ұсыну. Ол үшін тәжірибе керек, сол үшін де бізге қазақ тіліндегі дубляждалған фильмдердің қатарын көбейту керек. Бұны іске асыратын отандық студиялар мен мамандар, басқа жағынан алып қарасаң жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз», — дейді Р. Кенжеханұлы.
«Моана 2» анимациялық фильмінің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев әлемдік премьераның қазақ тіліне аудару барысына тоқталды.
«Бүгінде қазақ тілінде дыбысталған 40-тың үстінде фильм бар. Disney ауқымды конгломерат болғандықтан дыбыстау бірыңғай жүйеге негізделген. Бүгінгі көрсетілімнің материалдарын біз 3-4 ай бұрын алдық, ал қазақ тіліндегі трейлерді жарты жыл бұрын дайындап қойдық. Алдымен түпнұсқа мәтін қазақ тіліне аударылады содан соң кейіпкердің мимикасына қарай үйлестіріледі, оған арнайы маман шақырылады. Осы сәтте басты кейіпкерлерді дубляж жасайтын әртістерге кастинг жарияланады және әрбір кейіпкерге кем дегенде 4-5 үміткерді ұсынамыз, соңғы шешімді авторлық компания қабылдайды. Фильмді дыбыстау екі аптадай уақыт алады, егер музыкалық фильм болмаса 10 күннің ішінде аяқтауға болады, ал музыкалық болса 15-20 күн уақыт қажет», — деді Шах-Мұрат Ордабаев. Режиссердің пайымдауынша, елімізде дубляж жасайтын әртістер жеткілікті және техникалық мүмкіндік те бар.
«Қаржыны үнемдеу жолында сапаны аттап кеткен компаниялар өте көп, оның кесірі дубляжға кесірін тигізеді. Тағы бір мәселе ана тілі құндылығы, мысалы, кейбір Еуропа елдерінде тілді сақтап қалу үшін Үкімет кинотеатрларға ана тілінде көрсетілген фильмдер үшін салықтық жеңілдік қарастырылған», — дейді режиссер.
Disney студиясының кезекті анимациялық фильмі кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлеткендер қатарында Моана – қазақ тілінде Құралай Өтепованың дауысымен сөйлейді. Қазақстандық әнші Назима Моананың барлық әнін орындайды. Сонымен қатар актриса Айнұр Болат Моана мен Мауиге қатер төндіретін Матангиді дыбыстады, ал Матангидің әндерін Гауһар Өмірзақова орындаса, әртіс Қобыланды Болат алпамсадай жартылай құдай Мауиді дыбыстады. Одан бөлек Бақытжан Әлпейіс күңкілдек бағбан және Моана тобының мүшесі Келені қазақ тілінде сөйлетті.
Қазақ тіліндегі әлемдік туындының жабық көрсетіліміне жиналғандардың қатары көп болды, соның бірі, құрметті қонақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасын қолдап, балаларыммен бірге көруге арнайы келдім. Қазіргі әлемде мазмұны терең дүниеге таласуда, Hollywood, Netflix, Disney студиясы тағы басқа әлемдік ірі компаниялар контент іздеп жатыр. Үлкен серпіліс, толқын Marvel студиясында болды, бірақ ол тақырыптар да бітіп жатыр, жаңашылдық керек, ал бұл Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік, оның дәлелі бүгін Моана әлемдік балалар кейіпкері қазақ тілінде сөйлеп жатыр», — дейді Саясат Нұрбек БАҚ өкілдеріне сұхбат бере тұрып.
Министрдің пікірінше, қазақ ертегі кейіпкерлерін (Жезтырнақ, Ақсақ құлан, Ертөстік тағы сол сияқты) халықаралық сахнаға шығаруда әлеуетіміз бар.
«Біздің тың идеяларды ұсыну мүмкіндігіміз бар. Шетелде оқып, тәжірибе жинап келген отандық мамандар аяқтан тұрып жатыр. Отандық кинематографияда оң серпіліс бар, сол арқылы ана тілді ілгерілетудің жақсы бір көрінісі – әлемдік деңгейдегі фильмдерді қазақ тілінде сөйлету», — деді ол.