Аймақта «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ауылдық жерге жұмысқа орналасатын жас мамандардың басым бөлігі – Индер ауданында, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Елді мекендерде жұмыс істеуге өтініш беретіндердің басым көпшілігі білім беру және денсаулық сақтау саласын бітірген мамандар. Атап айтар болсақ, өткен жылы аталмыш жоба аясында білім беру саласына 21 адам, денсаулық сақтау саласына 8 адам тартылған. Атырау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл 135 жас маманға жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр.
— Қазіргі уақытта отыз тоғыз маманның өтініші мақұлданды. Жас мамандардың өтініш жіберуге әлі де мүмкіндіктері бар. Ол үшін қалалық және аудандық әкімдіктердің экономика және қаржы бөліміне немесе ХҚКО-на құжаттарын тапсыруы қажет, — дейді Атырау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілдері.
Айта кетейік, 2020 жылы ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген мамандарға жергілікті бюджеттен 100 АЕК біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын-үй сатып алуға 1500 АЕК бюджеттік несие қарастырылған.