Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан» құру жолында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейтуді негізгі басымдық ретінде айқындады. Жемқорлық – тек экономикалық өсуді тежейтін құбылыс емес, қоғамның дамуына, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне елеулі нұқсан келтіретін әлеуметтік кесел.
Жергілікті атқарушы органдар осы бағыттағы мемлекеттік саясатты толық қолдай отырып, сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік қағидасын басшылыққа алады. Алдын алу – күрестің ең тиімді тетігі, сондықтан біздің негізгі міндетіміз – жүйелі профилактика жүргізу.
Әлемде жемқорлықпен тиімді күрескен елдер бар – Сингапур, Оңтүстік Корея, Эстония. Олардың тәжірибесі бір нәрсені дәлелдеді: сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою – бір күндік іс емес, бұл – ұзақ мерзімді, жүйелі, кезең-кезеңімен жүргізілетін саясат. Бұл елдердегі жетістіктің басты тетіктері – цифрландыру, қоғамның белсенді қатысуы, мемлекеттік қызметтің кәсібиленуі және құқық қорғау органдарының ашықтығы. Бүгінгі таңда Қазақстан да дәл осы жолмен келе жатыр.
«Қазақстан – 2050» стратегиясында, сондай-ақ 2025–2030 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында жемқорлыққа қарсы саясат мемлекеттің тұрақты дамуының шешуші факторы ретінде айқындалған. Осыған сәйкес, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың міндеті – ашықтықты кеңейту, адалдық мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Өңірімізде мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен адалдығын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр:
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру.
Мемлекеттік органдардың жұмысы халық үшін түсінікті, қолжетімді және нәтижелі болуы – сенімді мемлекеттің кепілі. Қазірдің өзінде электронды үкімет, «E-otinish», «eGov mobile» сияқты платформалар халыққа көптеген қызметті үйден шықпай-ақ алу мүмкіндігін беріп отыр. Бұл – бюрократияны азайтып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге үлкен мүмкіндік. 2024 жылы барлығы 6 844 581 қызметтің 99,8 %-ы электронды түрде көрсетілсе, биылғы 9 айда барлығы 4 759 154 қызметтің 99,7%-ы электрондық түрде көрсетілген.
Қоғамдық бақылауды күшейту.
Цифрландыру тек қызмет көрсету саласында емес, шешім қабылдау, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау, мемлекеттік сатып алуларды қадағалау сияқты бағыттарда да ашықтық орнатуға жол ашады. Бұл азаматтардың мемлекет ісіне қатысу деңгейін арттырып, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтады.
Қаржылық ашықтық.
Бюджеттік бағдарламалар, атқарылған жұмыстар және жоспарланған жобалар туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялап, тұрғындар алдында есеп беру – әкімдік қызметінің маңызды бөлігі. Бұл бағыт қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып қана қоймай, тиімді басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Осыған орай, облыс әкімдігі бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алулар, жобалардың іске асырылу барысы жөніндегі барлық деректі уақытылы жариялауды жүйелі түрде жалғастыруда. Әрбір мемлекеттік органның ресми сайттарында ашық бюджет порталы арқылы қолжетімді ақпарат көлемі жылдан-жылға кеңейіп келеді. Сонымен қатар, қоғам тарапынан кері байланысты күшейту үшін тұрғындар пікірі мен ұсынысын жинақтайтын интерактивті алаңдар іске қосылды. Бұл тетіктер азаматтарға бюджеттік шығыстардың басымдығын қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді, ал мемлекеттік органдар үшін шешім қабылдау сапасын арттырады.
Жастардың адалдық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылып, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының негізіне айналды. Мақсат – оқушыларға адалдық, еңбекқорлық, патриотизм қасиеттерін сіңіру, мектеп пен бала, ата-ана, қоғам арасындағы байланысты нығайту. Оның аясында мектептерде арнайы сабақтар, талқылау алаңдары, құқықтық мәдениетті нығайтуға арналған іс-шаралар тұрақты өткізіліп, ата-аналар мен педагогтердің қатысуымен түсіндіру жұмыстар жүргізіледі. Бағдарлама жасөспірімдерге сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянын түсіндіріп қана қоймай, күнделікті өмірде адал болу, өз ісіне жауапкершілікпен қарау, әділдік принципін сақтау дағдыларын қалыптыстыруға ықпал етеді.
Жемқорлықтың алдын алу тек бақылау шараларымен шектелмейді. Ол әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір азаматтың санасында адалдық пен жауапкершілік қағидатын қалыптастырудан басталады.
Мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінде бекітілген қызметтік әдепті сақтау бойынша тұрақты түрде оқыту, құқықтық сауаттылықты арттыру және этикалық тренингтер өткізіліп келеді. Жастар арасында, білім беру ұйымдарында, кәсіпкерлер арасында парасаттылық идеологиясын насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
2025 жылы облыстың жергілікті атқарушы органдарының 80%-ға жуығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, 100-ге жуық тәуекелді жою бойынша шаралар қабылданды.
2025 жылғы 30 мамырда ҚР Әділет министрлігінің ұйымдастыруымен Атырау облысында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету мақсатында «Халық заңгері» республикалық кең ауқымды акциясы өткізіліп, Әділет департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті және облыстық әкімдігі мен өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен жоғары деңгейде жүзеге асырылды. Акция аясында Атырау қаласы мен жеті аудан орталығында арнайы өткізу алаңдары әзірленіп, 400-ден аса азаматқа құқықтық кеңес берілді.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 31 қазанда өткізілген «Халық заңгері» республикалық акциясы аясында 300-ден аса тұрғын мамандардан тегін құқықтық кеңес алды. Азаматтардың сауалына 50-ден астам адвокат, заң кеңесшісі, нотариус, прокурор, полиция, сот орындаушы және мемлекеттік органдардың өкілдері жауап берді.
Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітіліп, құқық қорғау органдары және облыстың жергілікті атқарушы органдары қоғамда құқықтық мәдениетті ілгерілету және азаматтарға заңдардың сақталуын ұғындыру бойынша іс-шаралар өткізуде. Тұжырымдама халықтың қоғамдық тәртіпті сақтауға, заңға бағынатын мінез-құлыққа және құқық бұзушылықтың алдын алуға белсенді қатысуын қамтиды. Оны іске асыру нәтижесінде нормалар мен қағидаларды құрметтеу, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту, азаматтық белсенділікті ынталандыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту және халықаралық беделді арттыру секілді нәтижелер күтіледі.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бұл барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Президентіміз: «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры», — деген еді. Әрбір азамат өз ісіне адалдық танытып, заң талаптарын құрметтесе ғана әділетті, ашық және дамыған қоғам құра аламыз.
Құрметті жерлестер! Егер сіз сыбайлас жемқорлықтың қандай да бір түріне куә болсаңыз немесе күмәнді жағдайға кезіксеңіз, дереу тиісті органдарға хабар беруге шақырамын. Сіздің белсенді ұстанымыңыз – өңірімізді жемқорлықтан қорғауға қосқан үлкен үлес.
Біз тек бірге әрекет еткен жағдайда ғана таза, ашық және сенімді басқару жүйесін қалыптастыра аламыз.
Серік ШӘПКЕНОВ,
Атырау облысының әкімі



