ДӘНЕКЕРЛЕУШІ

ДӘНЕКЕРЛЕУШІ
(0 Votes)

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА АРНАҒАН ЖОЛДАУЫНДА 2025 ЖЫЛДЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ. “БІЗДІҢ ҚОҒАМДА ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ, КӘСІБИЛІК СИЯҚТЫ ҚАСИЕТТЕР ӨТЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНУҒА ТИІС. ӨЗ КӘСІБІН ЖЕТІК МЕҢГЕРГЕН МАМАНДАР ҰЛТ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ”, - ДЕДІ ПРЕЗИДЕНТ. 

Ауданымызда да өзінің жұмысшы кәсібін шебер меңгерген, кейінгі жастарға үлгі болатын білікті ма- мандар баршылық. Соның бірі – газ және электрдәнекерлеу шебері, Индербор кентінің тұрғыны Бейбіт Хасанғалиев Сағынғалиұлы.

Қазір сауда орындарында қажетіңнің бәрі бар. Электр дәнекерлеу аппараттарының да түрі кездеседі. Оның қуаттылығы мен сапасын шертіп жүріп таңдап аласың. Кереметі сол, шағын ғана 220 вольтты электрдәнекерлеу аппараты кез келген үй- жайда қолдана беруге мүмкіндік береді. Есесіне электрдәнекерлеушілер де көп. Бірақ олардың кәсіби біліктілік деңгейі қандай? Олардың кейбірі электрдәнекерлеушінің қалың қолғабын киюді де басы артық шаруа санайды. Яғни ешқандай қауіпсіздікті сақтай бермейді. Ақыры ыршыған шоққа қолы, денесін күйдіреді. Байқамаса, көзін де шығарып алуы мүмкін. Ал мұндай селқостықпен еңбек өнімділігінің де жоғары болмайтыны кәміл. Жалпы электрдәнекерлеу ісі әлемдегі ең қауіпті, әрі ауыр жұмыс санатына жатады. Оған бейімі бар адам істемесе, кез келген жанның игеріп кетуі екіталай шаруа көрінеді.

– Алдымен электрдәнекерлеушінің қорғаныш бет маскасы мен денені түгел жабатын арнайы киімі және жұмыс жасайтын орны өте маңызды. Бұл электрдәнекерлеушінің қауіпсіз де алаңсыз жұмыс жасауына мүмкіндік береді, - дейді тәжірибелі Бейбіт Сағынғалиұлы сөзге тартқанымызда. Ағашты өңдеу кезінде оның ауа райына байланысты қаншалықты құбылатыны көпке белгілі ғой. Сондай-ақ қатты темірге де ауа райы температурасының өз әсерін тигізетіндігін тәжірибелі маманымыз мысалға келтіреді.

– Жоғары қысымды магистральды газ құбырларын жылдың қай мезгілінде де электрмен дәнекерлеп жүрміз. Әрқайсысының ұзындығы 11 метрлік қалың құбырларды жалғауда өзіндік қиыншылығы кездеседі. Қалың темір құбырдың ұзындығы қыста қысқарса, жазда керісінше көрініс табады. Сондықтан да оның дәлдеп өлшеніп-кесілуі ауа райына байланысты ескеріледі. Ал бастысы, жоғары қысымды маги- стралды газ құбырларын жалғауда ешқандай ақау қалмауы керек. Егер дәнекерлеген тігісінен қате орын алса, бар жауапкершілік электрдәнекерлеушіден сұралады, – дейді ол.

Әрине, кез келген электрдәнекерлеушіге жоғары қысымды газ құбырларын жалғауға сенім артылмайды. Оған бүгінгі кейіпкеріміздей арнайы дәнекерлеу құқына ие болған, біліктілігі мен біліміне сай жылда аттестациядан өткен, электрдәнекерлеуші таңбасын иеленген шебер маман- дар ие болады. Ал мұндай біліктілік пен шеберлік көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі екені сөзсіз. Бейбіт Сағынғалиұлы 1962 жылы Есбол ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Жамбыл атындағы орта мектепті 1979 жылы аяқтаған. Жастық жалынмен Алматыға аттанып, №46 қалалық кәсіптік- техникалық училищеде автосле- сарь мамандығы бойынша тәлім алған. Әрі қаладағы 3-автобазада жұмыс жасаған. Көп кешіктей Отан алдындағы әскери борышын өтеуге алынған. Әскерде алдымен Жам- был облысындағы Отар кентіндегі әскери бөлімде БМП-1 бронды көлігінің оқ атушысы болған. Кейін Семей ядролық сынақ аймағында әскери борышын жалғастырған. -Оқу-жаттығу кезінде Нұрым Қарашолақов, Саламат Аймұратов, Жандос Молдағалиев, Қуаныш Дәулетов сынды ауылдың жігіттерін кездестіріп тұрдым. Біз ядролық полигон аймағында жүргенімізді естігенімізбен, оның қаншалықты адамзатқа зияндылығы туралы ешқайдай мәлімет айтылмайтын. Ядролық полигонның зардап шеккен аумақ 18 мыңнан астам шаршы шақырымды қамтитынын, осы аумақта тұратын халық сынақ алаңына айналғанын кейін білдік қой, - дейді ол.

Әскерден аман-есен елге оралған соң ауылдағы "Правда" совхо - зына жұмысқа орналасып, алдымен көлік жүргізеді. Бірақ сол кездегі совхоз директоры Дүйсенғали Төленов ауылдасы Сағат Жалбыров екеуін ұжымға электрдәнекерлеуші мамандығы қажеттігін айтып, Га- нюшкин ауылындағы училищеге оқуға жібереді. Олар ауылға келген соң жаңа мамандығына сай қызметін бастайды. Совхоздың бұрынғы тәжірибелі электрдәнекерлеушілері Құбекен мен Сайыннан да үйренері көп болды. Совхоз кезінде жұмыс таңның атысынан, күннің баты- сына дейін дамыл таппайтыны белгілі. Егін бригадаларында, шабындықтарда жүрген трактор- лар мен жүк көліктер, басқа да тех- никалар сынбай тұрмайды. Осынау тынымсыз кезеңде кейіпкеріміз ауылшаруашылық техникаларын дәнекерлеп, шеберлігін шыңдай түседі. 1988 жылы анасының денсаулығына байланысты аудан орталығына қоныс аударады. Ол кезде борат кенін игеріп отырған кенішке мамандығына сай жұмысқа орналасады.

– Кеніштегі жұмыстың ауқымы өте көп екен. Талай мәрте дәу "БелАЗ" жүк көліктерін, тағы да басқа да техникаларды тұралатпай, уақытында дәнекерлеп қатарға қосуға үлесімізді тигіздік, - дейді ол. 1990 жылы ауданда құрылыс жұмысымен айналысқан ПМК-ға ауысып, қазіргі "ИСИГипсИндер" ЖШС зауытына дайындауға атсалысты. Кейін Индер желілік- өндірістік басқармасына мамандығына сай ауысады.

Осында Серік Қыстауов, Самат Нығыметов сынды білікті мамандардан жоғары қысымды газ құбырларын дәнекерлеудің бірқатар қыр-сырын үйренеді. Арасында бірер жыл газ тарату мекемесінде еңбек етіп, Аққала ауылына көгілдір отын жұмыстарына қатысады. 2001 жылы Индер желілік-өндірістік басқармасындағы қызметін қайта жалғастырады. Кейін электрдәнекерлеушілер бригадирі міндетін атқарады. Бұйырса, келесі жылы зейнеткерлік демалысы да жақындап қалды. Жұбайы Ләззат Дүйсембайқызы бөбекжайда тәрбиеші, кейін жеке кәсіпкер болған еді. Өкінішке қарай, 2010 жылы дүниеден озған. Тұңғышы Асхат қазір Орал қаласында тұрады. Үйленген, одан немерелері бар. Қыздары Гүлхан мен Райхан және Нұргүлі тұрмыста. Егіз ұлдары Аман мен Есен – Орал қаласында жоғары оқу орнының студенттері. Қазіргі жұбайы Май- жан Ермекқалиева екеуі Мөлдір, Айсана есімді қыздарын тәрбиелеп өсіруде.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT