Референдум қоғамдық дамудың жаңа даңғылға түскенін көрсетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған.
Бір жыл бұрын бастау алған жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындады. Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. Өткен жылы ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды. Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген еді. Сонымен референдум нәтижесінде Конституциямызға енген негізгі өзгерістерді санамалап көрсек. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару формасы қалыптасқанын атап өтіп, бұдан былай Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертіп, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтқан еді. Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды. Сонымен қатар президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынған болатын. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады.Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында елімізде Конституциялық сот құруды ұсынған еді. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ бұл институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етіп, азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түспек. Президенттің айтуынша, Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, керісінше, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың ой-пікірін ескеретін тетік ретінде қарастыру керек. Осыған байланысты, Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды. Одан кейін, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының да қазір жүзеге асуға нақты механизмдері бекітіліп, жақын күнде қолданысқа енетіні көңілге қуаныш сыйлайды. Президенттің пікірінше, Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етпек. Бұл бастамалар әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс салтына, азаматтық қоғамның қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз. Әрине, бұл бетбұрыс қоғамдық сананың өзгеруін, халықтың,әсіресе жастардың арасында еңбекке, қоғамдық қатынасқа деген азаматтық жауапкершіліктің, құқықтық сауаттылықтың қалыптасуын қажет етеді. Ең бастысы бұл өзгерістер жүзеге асуы үшін атқарушы билік тарапынан да өз қызметіне ерекше жауапкершілік, сыни көзқарас,нағыз мемлекетшілдік қағидалары басым болуы қажет.
Өмірбек Бекежан,
Философия ғылымдарының докторы