Дала өртінен сақтануға шақырды

(0 Votes)

 Өрт сөндіру мамандары үшін күшейтілген тәртіпте жұмыс істейтін кезең туды. Себебі мамыр айы басталысымен дала мен орман-тоғайда тілсіз жаумен күрес және оның алдын-алу жұмыстары басталады.

Ауданымыз географиялық жағынан шөлейтті, сорлы жерлерден тұрады. Ауданда орман, тоған, шабындық жерлер жоқ. Сондықтан бұрын-сонды жергілікті жерде дала өрті болмаған. Тек соңғы рет ауданда 2018 жылы құрғақ шөптің жану фактісі орын алған. Осы ретте аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары өрттің қаупі пен сақтық шараларын түсіндіруді бастап кетті.

Төтеншеліктер дала өртін алдын алу мақсатында Жайынбай және Білеулі ата қыстақтарына барып, шаруа қожалық иелеріне қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, жаднама таратты. «Өрт қауіпі маусымының басталуына байланысты аудан қонақтары мен тұрғындарын дала өртін болдырмауға шақырамыз. Шаруа қожалық иелеріне құрғақ шөптен жан-жақтарын тазартып отыруын сұраймыз. 2018 жылы Қызылқоға ауданына жататын жерде дала өрті орын алған болатын. Алайда шекаралас жатқан Қызылқоға және Жылыой ауданымен өзара бірлескен келісімшартқа сәйкес аудан гарнизонының күштері мен құралдары аталған дала өртіне жұмылдырылған болатын»,- аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Самал Елеубаева.

Бүгінде ауданда жалпы саны 30 адамды құрайтын ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Олардың қорында 30 дана арнайы киім, 80 дана сапты күрек, 15 дана айыр, 30 дана өрт сөндіргіш және 1 тонна жанармай, 500 литр дизельдік отын бар. Аудан бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жұмыстарына биыл бюджеттен «аудан ауқымындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою» бағдарламасы бойынша 3 293 000 млн теңге, «аудандық ауқымдағы дала өрттерінің, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары құрылмаған елді мекендерде өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шаралар» бағдарламасы бойынша 3 210 000 теңге қаражат қаралған.

М.Ізтұрғанова,

Суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521