Чернобыль ардагерлеріне құрмет көрсетілді

(0 Votes)

Чернобыль ардагерлеріне құрмет көрсетілді



Осыдан 36 жыл бұрын, 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогы жарылды. Апаттың қатерлі де, қауіпті болғаны соншалық қаншама адам опат болып, дене жарақатын алғандығы баршамызға мәлім. Осы апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз Отан алдындағы борыштарын осы аймақта атқарды.
Бүгін, 22 сәуір күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың орын алғанына 36 жыл толуына орай, сол жағдайдың ортасында болған жерлестерімізбен кездесу шарасы өтті.
Шара барысында аудан әкімі Ринат Хисаұлы Чернобыль апатына қатысушыларға өз өмірлері бен денсаулықтарын қатерге тіккен, ең ірі ядролық апаттың зардабын жояушы жауынгерлер екенін атап өтіп, жан қиярлық ерліктері өскелең ұрпақ жадында ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, өз кезегінде аудан әкімі шараға қатысушы батырларымызды арнайы алғыс хатпен марапаттады. Атап айтқанда, ефрейтор Демеу Қуанұлы, кіші сержант Базарбай Қаржаубаев, қатардағы жауынгерлер: Темірбек Құттыбайұлы, Байдеш Нұрышев, Сәлімгерей Жолдасұлы, Жайық Қабдрахимұлы, Хасан Махуұлына бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.
Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Сүлейменұлы шараға қатысушы ардагерлердің жанкешті ерліктері мен көрсеткен қайсарлықтарын айтып, өз ізгі-тілегін білдірді.
Иә, ғасыр қасіреті болған бұл апаттың зардабын адамдар әлі күнге дейін шегіп келеді. Чернобыль апатына елімізден аттанған жауынгерлеріміздің ерлігі мен жігері ұрпаққа үлгі болумен қатар, орасан зор. Себебі, олар осы жолда өмірлерін пида етіп, адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғап, оның әрі қарай таралуына тосқауыл бола білді.

Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT