Бурабайда елімізде баламасы жоқ мультимедиалық интерактивті кешен ашылды

Бурабайда елімізде баламасы жоқ мультимедиалық интерактивті кешен ашылды
Фото: Ағыбай Аяпберген/Kazinform
(0 Votes)

Бурабай курорттық аймағында Абылай хан алаңындағы мультимедиалық интерактивті кешен қайта жаңартудан кейін салтанатты түрде ашылды. Заманауи мультимедиалық кешен - Қазақстандағы ең жоғары технологиялық интерактивті музейлердің бірі. 

Маусым айында Президент Қасым-Жомар Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңес өткізіп, бұл саланы әлемдік экономиканың қарқынды дамуының катализаторы екенін айтқан еді.

«Бурабай» ұлттық паркінің ең көрікті орнындағы мультимедиалық кешенде соңғы үлгідегі анимациялық және аудиовизуалды технологиялар әрбір келушіге еліміздің тарихымен танысуға және қазақ мәдениетінің атмосферасына енуге мүмкіндік береді.

«Мультимедиалық интерактивті кешеннің ашылуы — бүгінгі заманның талабы. Сарыарқаның алтын тәжіндей киелі Көкше өңірі — батыр-биллердің, сал-серілердің, жақсы мен жайсаңдардың мекені. Бұл өңір еліміздің тек туристік жауһары ғана емес, рухани-мәдени ордасы деп білемін. Қазақстандағы ең жоғары технологиялық және инновациялық музейдің ашылуы туристік потенциалдың одан әрі дамуына септігін тигізеді. Жылына жарты миллион турист арнайы келетін Абылай хан алаңында орналасқан бұл нысан еліміздің бай тарихы мен мәдениетіне терең бойлауға мүмкіндік беретін жаңа мәдени-ағарту орталығына айналарына сенімдімін», — деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музейдің ашылу рәсімінде.

Министр елорда іргесіндегі әсем Бурабайдың тұмса табиғатын, тарихи-мәдени байлығын көпшілікке таныту өте өзекті екенін жеткізді.

«Президент шешімімен келесі жылы Бурабайда ұлттық құрылтай өтеді. Бүгінгі заманауи инновациялық кешеннің ашылуы — сол құрылтайға үлкен дайындық деп білемін. Мұнда жастар өңірді ғылыми-шығармашылық тұрғыдан терең зерттеп, мол тағылым алады. Кешеннің контентін ұлғайтып, одан да қызықты етуді халықпен тығыз ақыласа отырып жасасақ, қазақстандықтар ғана емес, шетелдік туристер де қызығушылық танытады», — деді А. Балаева.

Музейдің ашылу салтанатына арнайы келген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та Бурабайдың тек қана табиғи сұлулығымен емес, терең тарихымен де қазақ үшін маңызды жер екенін атап өтті.

«Өйткені бұл елімізді біріктірген, болашаққа қарқынды дамуға себепкер болған аймақ. Бүгін де тарихы мол қазақ елінің тұтас этномәдениетінің құрылуын көрсететін орталық ашылып отыр. Президент осы туристік кластерді дамыту бағытында Бурабай, Шортанды аймағын ерекше атап өтті. Осы заманауи ғимарат туристік кластерді дамытуға, қазақ елінің тарихымен, мәдениетімен таныстыруға тағы да септігін тигізеді. Сондықтан, ашылып жатқан жаңа ғимарат еліміздің мақтанышы болып, келіп жатқан қонақтардың сүйікті демалыс орталығына айналсын дейміз», — дейді өңір басшысы.

Бурабайдағы мультимедиалық интерактивті кешен еліміздің тарихының ең танымдық қайнаркөзіне айналады, онда ересектер де, балалар да көптеген тарихи фактілерді біліп, көптеген жаңа ақпаратты біліп шығады.

Мультимедиалық интерактивті кешен 9 залға бөлінген. «Ұлы дала мұрасы» композициясында «Астана балет» әртістерінің биі голограмма көмегімен ұсынылған және «Хассак» фольклор-этнографиялық ансамблінің әуендері қойылған.

«Қазақстанға саяхат» бөлімі — Бурабай, Медеу, Шымбұлақ, Шарын каньоны, Каспий теңізі, Түркістан, Үстірт үстірті, Мұзтау, «Байқоңыр» ғарыш айлағы секілді еліміздің туристік орындарының байлығы мен сұлулығын көрсетеді.

«Куб 360» залы — бейнені кескіндейтін бірегей технологиясы бар Қазақстандағы жалғыз зал. Бес проектор мен екі бүйірлік экран 270 градустық панорамалық кескін жасайды, бұл көрермендерге өзін фильмнің бір бөлшегі сезінуге мүмкіндік береді.

Аталған формат перифериялық көруді қолдану арқылы жаңа сезімдер тудырады және барлық көрініс бөлігін көруге мүмкіндік береді. «Абылай хан» қысқаметражды көркем фильмінде қазақ халқының біртуар перзенті — Абылай хан атанған бала Әбілмансұрдың өмір жолы баяндалады. Басты рөлді қазақтың белгілі актері Жандос Айбасов сомдаған.

Сонымен бірге, кешенде келушілерді қызықтыратын бірқатар интерактивті экспозициялар бар — Абылай ханның батасын естіп, садақ атып және кедергілерді еңсеріп жүрген батыр сияқты сезінуге болады.

Ойын түріндегі интерактивті экспозицияларбалалар мен шетелдік қонақтарға ұлттықмузыкалық аспаптар, ою-өрнектер, сондай-ақ қазақдаласының жануарлар әлемі мен өсімдіктерітуралы білуге көмектеседі.

Шежіре залында елдің интерактивті картасынанбарлық қазақ руларын, олардың таңбасын жәнетұратын жерлерін біріктіретін символдық бәйтерекағашы орналасқан. Мұндағы мақсат — руға бөліну емес, әр адамның шыққан тегі мен тарихын білуге көмектесу.

Мультимедиалық интерактивті кешеннің ашылуы — Қазақстанның туристік саласын дамытудағы маңызды қадам және мәдениетіміз бен тарихымызды жергілікті тұрғындар мен шетел азаматтары арасында танымал етудегі маңызды үлес. Кешенді қайта жаңарту және барлық жөндеу жұмыстары «Kaspi.kz» АҚ демеушілік қаражаты есебінен толық қаржыландырылған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT