Болашақты өзгертетін зауыт: Нұрғали Мықтыбайдың тарихы

(0 Votes)

Армандар орындалуы тиіс. Кейде оларға жету жолы ұзақ та ауыр болады, бірақ дәл осы жол армандарды ерекше қымбат етеді. Нұрғали Мықтыбайдың өмір жолы — соның айқын дәлелі: мектепте химияға қызыққан ол, студент кезінде мұнай-газ саласын таңдады, ал бүгінде Қазақстандағы ең ірі жобалардың бірін іске қосқан мамандар қатарында тұр.

ТШО-ның Үшінші буын зауытының өндіріс бойынша кеңесшісі Нұрғали Мықтыбай өзінің кәсіби жолының бастауын еске алады. «ТШО-дағы тәжірибе кезінде мен осы жерде мансап құруды қалайтынымды түсіндім», — дейді ол. Сол сәтте арман нақты бейнесін тапты.

ТШО-ның Үшінші буын зауыты — Теңіз кен орнындағы ең ауқымды кеңейту жобасы. Ол мұнай өндіру көлемін жылына 12 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік берді. Жоба аясында жаңа технологиялық қондырғылар, компрессорлық станциялар және заманауи инфрақұрылым іске қосылды.

Нұрғали үшін бұл жоба — жеке тарихының бір бөлігі. Ол еңбек жолын КТЛ-де оператор болып бастап, әріптестерінен үйренді, тәжірибе жинады және бір күні жаңа зауыттың іске қосылуында пульт басында болуды армандады. Оған ерекше шабыт берген әріптесі Төлеген еді, ол Екінші буын зауытының іске қосылуына қатысқан.

«Үшінші буын зауытынан алғашқы мұнайды алған сәтте мен Төлегенге: "Мен он жыл бұрын осыны армандаған едім, енді арманым орындалды" дедім», — деп еске алады Нұрғали.

Бұл оқиға — оның карьерасындағы ғана емес, зауыт тарихындағы маңызды белес. Мүмкін, уақыт өткен соң бұл беттер оның өмірбаянында да, кәсіпорын жылнамасында да ең құрметті парақтардың бірі болмақ.

Бүгінде Нұрғали қысымды арттыру жүйесінде өндіріс бойынша кеңесші болып жұмыс істейді. Оның командасы өндіріс процесін оңтайландыру мен мұнай өндіру сапасын қамтамасыз етуге жауапты. «Қателіктің бағасы өте жоғары, — дейді ол. — Бірақ дәл осы жауапкершілік сезімі жұмысты ерекше құнды етеді».

«Компанияның жетістіктеріне, Теңізшевройлдың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесіне қарағанда, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді: мен де осы табыстарға үлес қостым», — дейді Нұрғали.

Жас маманның пікірінше, кез келген кәсіпте іргелі білім аса маңызды. «Сапалы білім базасы алғашқы тәжірибелік сабақтарда-ақ өзіңді көрсетуге мүмкіндік береді», — деп кеңес береді ол.

Автоматтандыру күшейгенімен, Нұрғалидың айтуынша, адамның рөлі әлі де басты орында. «Білімді үнемі жаңартып отыру керек — үлгермесең, артта қаласың. Бірақ адамсыз ешбір жүйе жұмыс істемейді».

Оның үшін бұл жұмыс әлдеқашан жай ғана мамандықтан артық болып кеткен. Бұл — ел дамуына қосқан үлесі әрі жас буынға үлгі. «Балалар мені мұнайшы дейді, — деп күлімсірейді ол. — Ал мен үшін бұл үлкен мақтаныш».

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT