Биылғы Жолдауда бұрын қозғалмаған мәселелер көтерілді

(0 Votes)

Президенттің халыққа дәстүрлі Жолдауының негізгі мақсаты – елдегі күрделі түйіндерді жедел жүзеге асыру, сол бағытта жергілікті атқарушы органдар мен түрлі салалық құрылымдардың жұмысына бағыт-бағдар беру. 

Ал, Жолдаудың өз мақсатына жетіп отырғанына толық негіз бар деп айтуға болады. Оған дәлел – соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік құрылымға деген көзқарастың өзгеруі, жалпы жұмыс бағытының басқаша бағыт алуы. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес, дегенмен өзгерістің барын жоққа шығаруға болмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында үнемі халықтың әлеуметтік жағдайына ден қойып отырады. Мысалы, ел азаматтарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымдарын мақсатты бағытқа жұмсауына рұқсат берілуі, Ұлттық қордың белгілі бір бөлігін балалардың есепшотына салу, зейнетақы, жалақы, шәкіртақы, басқа да әлеуметтік төлемдердің көтерілуі осы сөзімізге нақты дәлел болады.

Биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауда халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін көптеген мәселелерді жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Әсіресе білім беру саласындағы жұмыстарды жүйелеу, орта буын және техникалық кәсіби мамандарды дайындау үшін қажетті талаптарға назар аударған Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы өте орынды деп есептеймін. Өйткені, қазір Қазақстанда жыл сайын мектеп бітірген жастардың барлығы жоғары оқу орынына түсуге құмар. Ал, халықтың сұранысын өтеу үшін техник-механик, құрылыс мамандары, дәнекерлеуші тәрізді орта буын қызметтерді кім жасамақшы?! Ата-ана осы жағын да ойланғаны жөн. Шындап келгенде, жоғары оқу орнын бітірген мамандардан гөрі осындай техникалық мамандық иелерінің жалақысы жоғары болатынын ескерген жөн. Ол үшін оқу орындары еңбек нарығына қажеттілікті нақты зерттегені дұрыс болар деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауда айтқан тағы бір көңілге қонымды түйінді мәселесі – екінші деңгейлі банктер арқылы арзан несиелендіру тәсілін қолданысқа енгізу. Қаржы институттары дәл бүгіннен бастап осы тетікті қорлданысқа енгізбесе де, алдағы уақытта бұл тәсілдің жүзеге асуы уақыттың өзі туғызған қажеттілік. Себебі, қазір кәсіпкер немесе агрофермер өзі өндірген өнімді арзан сатқысы келсе де, оның өзіндік бағасы қымбат болғандықтан төмен бағамен сата алмайды. Президент осы жағына айрықша назар аударып, бұл әдіске көшпеген қаржы институттарының мәселесін қарауға дейін өз ойын білдірді.

Міне, осының барлығы ел-жұрттың көкейіндегі күрмеулі жайттар ғой. Соған мемлекет басшысының өзі назар аударса, Үкімет те, басқа құрылымдар да қол қусырып қарап қалмас деп ойлаймын. Әрине, бір күнде жасала қалмаса да, бұл жолғы Жолдауда айтылған басымдықтар қарапайым қалың бұқараның тұрмыс жағдайын жақсартуға барынша мүмкіндік беретін арнайы құжат деп түсінемін. Соның мән-маңызын халыққа етене түсіндіру 2 қыркүйектегі республика Парламенті палаталарының бірлескен мәжілісіне өңірлерден арнайы барып қатысып келген біз үшін жүгі ауыр міндет болмақ.

Назарбек ҚОСШИЕВ,

облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, жазушы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT