Жоспарға сәйкес биыл облыс тұрғындарына тұрғын үй құрылысын салу үшін 1452 жер учаскесін беру көзделген. Он айдың қорытындысы бойынша оның 966-ы халыққа пайдалануға берілді. Бұл туралы Атырау облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жер кодексінің талаптарына сәйкес жеті санат бар. Оның басым бөлігін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер құрайды. Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 3 млн 220 мың гектарды құраса, биыл 3 млн 209 мың гектарды құрап, төмендеп отыр. Төмендеудің басты себебі - қайтарылған жер көлемінің артуы.
Қазіргі таңда облыстың жер көлемі 11 млн 863 мың гектар, оның ¼-ін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер құрайды.
Сонымен қатар басқарма басшысы тұрғындарға жер учаскелерін беру кезінде туындайтын бірқатар мәселелерді атап өтті.
- Тұрғын үй салу үшін берілген жер туралы шешімді алғаннан кейін азамат әрі қарай құзырлы органға барып тіркеліп, кадастрлық жоспарын жасақтауы қажет. Өкінішке орай қазір қолына жер кезегі келгендігі туралы шешімді алғаннан кейін, көп жағдайда кейбір тұрғындар тіркелмей жатады. Ол әсіресе аудандық жерлерде көптеп кездеседі. Осыған байланысты жердің берілгендігі туралы деректер базасын қараған кезде тіркелмегені туралы ақпарат болса, ол бос жер екендігі көрініп тұрады. Сәйкесінше әрі қарай жүзеге асырған кезде жердің беттесу фактісі орын алып, қиындық тудырады, - деді Ә.Ермекқали.
Сонымен қатар оның айтуынша, биыл облыс көлемінде 222 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 257 жер учаскелері мемлекетке қайтарылып отыр.