Биыл Мақатта 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріледі

(0 Votes)

Атырау облысында жыл санап тұрғын-үй құрылысы қарқын алып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әл-ауқаттың тұрғын үй мәселесімен тікелей байланысты екенін және болашақта тұрғын үй құрылысы Үкімет жұмысындағы басым бағыт болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осы орайда, өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, өңір экономикасын әртараптандыру, инвестициялар тарту бағытында «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітіліп, жүзеге асырылуда.

Осы жоспар бойынша жалпы сомасы 8 983, 6 млрд теңгені құрайтын 187 іс-шара көзделген. Аталған жоспар аясында облыс бойынша 2021-2022 жылдар аралығында барлық қаржыландыру көздері есебінен 1 731,4 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 13 302 пәтер пайдалануға берілді. Бюджет қаражаты есебінен 2021 жылы 107,6 мың шаршы метр немесе 1 224 пәтерлік 18 тұрғын үйді құрылысы аяқталды, оның 272-сі әлеуметтік осал топтарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мереке Зинуллиннің айтуынша, бүгінде жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін жалпы ауданы 55,2 мың ш. м. құрайтын 620 пәтерлік 8 көп қабатты жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

– Жылыой ауданы Құлсары қаласында 300 пәтерлік 3 үй биыл қаңтар айында пайдалануға берілу керек болған. Алайда, мердігер тиісті жұмыстарды уақытылы жүргізбеуіне байланысты тапсырыс беруші тарапынан сот органдарына талап арыз жолдау мәселесі қарастырылып жатыр. Исатай ауданы Аққыстау ауылында да 180 пәтерлік 3 үйдің келісімшарт мерзімі өтуіне байланысты мердігер мекемеге қатысты мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сот процесі жүргізілуде. Ал, Индер ауданы Индербор кентінде 80 пәтерлік 1 үйдің құрылысы мен Мақат ауданы Мақат кентінде 60 пәтерлік 1 үйдің құрылысы 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр, – деді Мереке Мұхсиұлы.

Өңірде жүзеге асып жатқан мемлекеттік және өңірлік тұрғын үй бағдарламалары сәтті іске асырылып, халық игілігіне асқанын тұрғындар да асыға күтіп отыр.

Алмас ҚАБДОЛОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT