Әрбір қазақстандық қасиет тұтып, құрмет көрсетуге тиіс Ата заңымыз «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басаталады.
Иә, расында да ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған дүние – ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда көшіп-қонып жүріп те берекесінің қазанын ортайтпады. Қанағатшыл Алаш баласы ағаш бесік пен жер бесік арасындағы бұралаңы мен соқпағы қатар өмір жолдарында жан баласын өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, орамды оймен, терең кемеңгерлікпен, ешқашан да тарылмаған кеңдігімен еліміздің тамырын жаза, бұтағын жайқалтып, құшағын кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. «Бірлік болмай, тірлік болмас» дейді дана халқымыз.
Ұланғайыр атырапты алып жатқан қазақ жері қандай кең байтақ болса, оны мекен еткен халқының да пейілі сондай кең. Дана халқымыз «бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деп бекер айтпаған. Осынау бірліктің арқасында Қазақстан әртүрлі ұлт бейбітшілікте өмір сүретін ел ретінде әлемге танылды, татулық аренасына айналды. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт бейбіт өмір сүруде. Олар бір атаның баласындай бір шаңырақ астында еңбек етіп, тату тәтті күн кешуде.
Ұлты, діні, тілі, ділі, салт-дәстүрі қандай болмасын түсіністік танытып, теңдей қарап, құрмет көрсетудеміз. Бұл ретте ұлттарды бір шаңырақ астына біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясын айтпай кетуге болмайды. Оның Конституциялық дәрежесі де бар.
1995 жылы құрылған Қазақстан Халықтары Ассамблеясы дүниежүзіне үлгі ететін ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені десек артық айтқандығым емес. Ал, барлығын бауырындай көріп, бөле жармайтын қазақ халқының татулығы ұлттар бірлігінің орнығуына себеп болды. Ұлтаралық татулық пен келісім – ұлттық идеяның негізгі өзегі. Ұлттар арасындағы бірлік пен сенім – әділдіктің сипатын бейнелейді. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белес-терге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз бен татулығымыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ. Осынау бірлігі жарасқан тірліктен берекесі тасып, ырысы асқан киелі мекен Мақат кенті де қалыс қалған емес. Лайым солай бере береді де.
Ш.Ишанғалиев,
аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы