Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап ететінін айтты.
«Қазір алдағы кезеңнің күн тәртібін анықтап алуымыз қажет. Кез келген мемлекет үшін адами капитиал басты өлшемге айналды. Осы орайда біліктілік мәселесі айырықша маңызға ие болып отыр. Әр азамат өзінің жеке жетістігі арқылы бүкіл елдің табысты болуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосады. Сондықтан бүгінгі отырысты адами капиталдың негізгі бағыттарын дамыту мәселесіне арнадық. Бұл – білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласы», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жаңа ахуал білім беру және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр.
«Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті, экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажет. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылым саласына 7 есе өсетінін ескерген жөн», - деді Қ. Тоқаев.