Облыс орталығынан бес шақырым жерде орналасқан Береке ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық жалпы орта білім беретін №47 мектептің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.
Осылайша өңірде білім беру мекемелерінің қатары тағы да бір заманауи үлгідегі мектеппен толығып отыр.
Алмалы ауылдық округіне қарасты 3 мыңнан астам ауыл халқын қуантқан ақжолтай жаңалықпен құттықтауға келген облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 12 жайлы мектеп салу жоспарланғандығын айтты.
– Болашақта білімді, тәрбиелі қоғамды қалыптастыруымыз керек. Ол үшін біз балаларымызға сапалы білім беріп, қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Мектеп балалардың білім алуына арналған құрал-жабдықтармен қамтылған. Заманауи білім ордасын салып қана қоймай, жоғары санатты ұстаздардың да білім беруіне мүмкіндік беріліп отыр. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды қала күнімен құттықтаймын! Мереке қарсаңында үлкен мектеп тапсырылып отыр. Сондай-ақ, ұстаздар қауымын да төл мерекемен құттықтаймын! Бұл тұрғыда балаларымыздың тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуына мектеп ұстаздарының қосатын еңбектері зор. Олар кішкентай бүлдіршіндерді еліне қызмет қылатын азамат етіп тәрбиелеп шығарады. Сіздердің еңбектеріңіз еленіп, шығармашылықтарыңыз таси берсін деп тілеймін! Өздеріңіз мақтан тұтар шәкірттеріңіз көп болсын! Жаңа мектеп құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Содан соң, мектеп құрылысын салған «БатысСтройСервисАтырау» ЖШС-нің директоры Аманжол Құспанов жаңа мектептің директоры Зульфат Ақмұрзиеваға мектеп ғимаратының символикалық кілтін табыстады. Ал, білім ордасының тұсауын кесу рәсімі аймақтың ардагер-ұстаздары Бақберген Қарабаев пен Софья Әлібаеваға ұсынылды.
Екі ауысымдық мектепте 50-ден астам кабинет бар. Оның 20-сында бастауыш сынып оқиды. Ғимаратта қазақ тілі мен әдебиеті, математика, география, алғашқы әскери дайындық, орыс тілі секілді арнайы пәндік кабинеттермен қатар, мәдениет, дизайн залдары, STEАM зертхана кабинеті мен робототехника, асхана бөлмелері бар.
– Сонымен қатар, лингвистика кабинеті мен информатика және робототехникаға арналған инклюзивті кабинет бар. Одан бөлек әр блокта санитарлық тораптар орналасқан. Мүгедектігі бар жандарға арналған жеделсаты бар. Мектептің жалпы аумағы – 3,5 гектар. Жалпы құны – 7,4 млрд. теңге. Құрылыс былтыр қыркүйекте басталып, тура бір жылда аяқталып отыр, — деді «БатысСтройСервисАтырау» ЖШС-нің директоры Аманжол Құспанов.
Салтанатты іс-шара барысында Абай атындағы оқушылар орталығының оқушысы Ілияс Алдияр «Оқып біліп үйренеміз» әнімен жиналған көпшіліктің көңілін сергітіп алды.
Аймақта «жайлы мектеп» жобасы жүзеге асса 2025 жылдың соңына дейін 12 мыңнан астам оқушыны қамтып, орын тапшылығын шешетін болады. Сондай-ақ, бұл – облыстағы 10 үш ауысымды және 7 апатты мектеп мәселесін толығымен шешеді.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Сурет Ерлан АЛТЫБАЕВ