Басты мақсат – халық игілігіне жұмыс жасау

(0 Votes)

Партияның кезектен тыс ХХІІ Съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны қайта жаңғырту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Халық пен мемлекеттік билік арасында алтын көпір ретінде партия бүгінгі күннің талабына сай жұмыс жасауын жалғастырып келеді.

Партияның басты мақсаты – әрқашан халықтың игілігі жолында жұмыс атқару. Осы бағытта Қ.Тоқаев: «Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет»,- деген еді.
Жыл басталғалы алты айда аудандық партия филиалы ауқымды жұмыстар атқарып, тұрғындардың талап-тілектерін басты назарда ұстап келеді. Жалпы аудан бойынша 7 бастауыш партия ұйымы, 42 партиялық топ бар. Партия мүшелерінің саны – 1833-ті құрайды. Сондай-ақ, жыл басынан бері бір конференция, екі Саяси кеңес Бюросының отырыс өткізілді. Ал, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының 2 отырысы өтті.
Партия филиалының сайлауалды бағдарламасының орындалысын бақылау мақсатында 5 қоғамдық кеңес құрылып, жарты жылда 10 отырыс өткізіліп, 25-тен астам мәселе қаралып, 42 ұсыныс назарға алынды.
«AMANAT» партиясының жұмысын жаңғырту мақсатында жүзеге асып жатқан партиялық жобалар тұрғындардың өмірі мен тұрмысын жақсартуға арналған. Әр жобаны сапалы орындау – біздің басты міндетіміз. Осы ретте ауданда «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» партиялық жобалары бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылды.
Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен егде жастағы тұрғындарға медициналық бақылау жұмысы жүргізілді. Дәрігерлер жылжымалы медициналық кешен арқылы кентті аралап, ардагерлер терапевт, гинеколог, окулист, стоматолог, педиатр мамандарына қаралды. Жоба аясында окулист қарауына 13 адам, стоматолог 7 адам, ЭКГ қызметіне 5 адам жүгінсе, терапия 13 ардагерді қабылдады.
Ал, «Доссормұнайгаз» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аудандық мәслихат депутаты Серік Абдиев доссорлық тыл еңбеккері Салық Сағиевтың шаңырағына мерейлі мерекемен және мерейлі 90 жасқа толуымен арнайы құттықтап барды. Сондай-ақ, 14 наурыз - Көрісу күніне орай аудан әкімі Ринат Хисаұлы, аудандық мәслихат депутаттары аудан ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы барып, қазақы салтпен көрісті. Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында да аудандық мәслихат депутаттары Мақат, Доссор кенттері және Бәйгетөбе ауылдық округіндегі ардагерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Мақат» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының және Ішкі істер органдарының ардагері Шарапиден Азиналиевтың тұрған үйіне мемориалдық тақта ілінген болатын.
Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қолжетімділігі зерделенді. Аудандық партиялық бақылау комитетінің төрағасы мен мүшелері бірнеше нысандарды аралап, пандустар, арнайы қоңыраулар, көру қабілеті нашар жандарға арналған жолақтар, дәретхана, арнайы қызмет көрсету бөлмелердің қаншалықты талапқа сай жасалғандығы жөнінде мониторинг жүргізді. Сондай-ақ, сын-ескертпелер бойынша ұсыныстар берілді. Орындалуы партияның басты бақылауында.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында аз қамтылған 12 отбасыға аудандық мәслихат депутаттары материалдық көмек көрсетіп, қол ұшын созды.
Аудандық партия филиалында тұрғындардың мұң-мұқтаждықтарын шешу, тиісті органдарға жеткізу мақсатында аудан басшылырының, құқық қорғау, дербес бөлімдер басшыларының қабылдау жүйелі түрде өткізіліп келеді. Қабылдаулар туралы мәлімет әлеуметтік желілерге алдын ала жарияланып, халыққа хабарланады. Сонымен қатар, қабылдау кестелері партия филиалындағы арнайы бұрыштамада көрсетілген. 2022 жылдың 6 айында қоғамдық қабылдау бөлмелеріне барлығы 126 өтініш түсті. Оның 58 (46,31%) оң шешімін тапқан болатын. Сонымен қатар, тақырыптық қабылдаулар мен акциялар аясында қабылдаулар өткізіліп, 18 адам қабылданды.
Халықтың басындағы күрмеулі мәселелерді шешіп, елдің алғысын арқалаған партиялықтардың бұл бағыттағы жұмысы алдағы уақытта да жүзеге аспақ.

Ә.ҚАРЖАУОВА
“AMANAT” партиясы Мақат аудандық филиалының атқарушы хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT