Бас прокуратурада құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың, бейінді министрліктер мен ҮЕҰ-ның өкілдерінің қатысуымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.
Іс-шараның өзектілігі елдегі есірткі ахуалының одан әрі нашарлауына жол бермеу бойынша шаралар кешенін әзірлеу, сондай-ақ а.ж. 30 мамырдағы Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша Бас Прокурордың тапсырмасын іске асыру қажеттілігінен туындады.
Кеңес барысында атап өтілгендей, нашақорлықтың алдын алудың қолданыстағы жүйесі тәсілдерді қайта қарауды, сондай-ақ қабылданып жатқан шаралардың әсерін жоққа шығаратын бірқатар факторларды жоюды талап етеді.
Есірткіге тәуелді адамдар статистикасының, олардың өлім себептерінің болмауы, психотроптық заттардың оңай қол жетімділігі, оңалтудың күрделілігі, осы және басқа да бірқатар мәселелерді шешу жолдары белсенді талқылаудың тақырыбы болды.
«Ресми статистикаға сәйкес елімізде барлығы 18,3 мың есірткіге тәуелді адам бар. 2022 жылы есірткіні мөлшерден тыс қолданғаны үшін 87 адам қайтыс болды.
Бұл сандар нақты жағдайды көрсетпейді.
ДДҰ ұсынымдарына сай Қазақстанда нашақорлар саны 150 мың адамға жетуі мүмкін.
Жастар жарқырайтын шағында бауыр циррозынан, жедел жүрек ұстамасынан қайтыс болып жатыр, суицид жасайды, алайда әрдайым есірткіні қолданумен себеп-салдарлық байланыс орнатылмайды.
Тағы бір мәселе – синтетиканың оңай қол жетімділігі.
Қазір кез-келген 12 жастағы оқушы затты телеграм-канал арқылы сатып алып, оны пицца жеткізуден гөрі тезірек ала алады.
Негізінен шетелден басқарылатын есірткі трафигінің қолданыстағы моделі үшін «салымшы» ретінде біздің «жетілмеген» жастарымыз тартылуда, олар үшін пайда табудың құралы ретінде қызмет етеді», - деді Бас прокуратура Департаментінің бастығы Ә.Нұрбеков.
Іс-шара барысында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, мемлекеттік шекарада прекурсорларды әкелуге тосқауыл қоюды қамтамасыз ету, бизнесті дамыту үшін есірткі сатушылар пайдаланатын онлайн-платформалардың қызметін реттеу, есірткіге тәуелді адамдар үшін жеке оңалту орталықтары қызметінің бірыңғай стандартын әзірлеу, тәуелділіктермен жұмыс істеуге маманданған кадрларды даярлау және оқыту, жастармен және олардың ата-аналарымен алдын алу шараларын жандандыру қажеттілігі және басқа да көптеген мәселелер талқыланды.
Әзірленген шараларды іске асырумен ведомствоаралық жұмыс тобы айналысатын болады, оның құрамына мүдделі ведомстволар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі