Махамбет ауылында тұратын зейнеткер ризуан кульниязов – бағбандықты өмірінің бір бөлігіне айналдырған жан. Беларусь еліндегі могилев машина жасау институтын тәмамдап, еңбек жолын атыраудағы петровский зауытында бастаған ол жастайынан жеміс-жидек өсіруге қызығыпты. Зауытта неміс пен армян ұлтынан шыққан басшылардың бау-бақшаға бейімділігі жас инженердің де ықыласын арттырады. Ол кезде ұжыммен бірге егін егу, картоп жинау, жеміс ағашын отырғызу дәстүрге айналған еді.
Будандастыру мен эксперимент
Алғашқыда Талқайраңнан үй алып, бау-бақша отырғызса, 1991 жылы Махамбет ауылынан Жайық жағасынан үй сатып алып, бірінші кезекте жерге жеміс ағаштарын отырғызуды қолға алады. Содан бері ол әртүрлі сорттарды әкеліп, будандастырып, тәжірибе жасап келеді. Ризуан аға жеміс ағаштарын қалыптан тыс биік өсірмейді.
«Биік болса, қарға мен торғайлар көп шабуыл жасайды. Сондықтан 2-2,5 метр биіктікте қалдырып, үстін кесіп тастаймын. Сонда сөл бұтаққа емес, жеміске барады да, көлемі үлкейеді», – дейді ол.
Қытай алмасына алмұрт пен алманың бұтағын будандастырып, жемісін жеп отыр. Астраханьнан әкелген қызыл өрік төрт жыл бойы өнім бермеген соң, оны өзбек бағбанынан алған өрікпен будандастырған. Сөйтіп, «тауық жұмыртқасындай» ірі жеміс ала бастаған. Пятигорсктен әкелген ағаштары да жыл сайын өнім береді. «Талғар аруы » алмұрт н өзге сорттармен, тіпті Сарытоғайдың алма ағашымен де теліген.
«Сары өріктің ағашы биік боп өседі. Алдағы уақытта оның орнына стандартты, аласа болып өсетін түрлерін отырғызсам деймін. Жемістің сорты жақсы болса, қай жерден болса да іздеп барып, сатып алуға дайынмын», – дейді бағбан.
Ол Молдовадан жүзім әкеліп отырғызған. Бақтағы ағаштарды аптасына 1-2 рет суарып, күтімін жасайды. Көрші-қолаңнан дәмді жемісін байқаса, үй иесінен сұрап, бұтақ кесіп алып, телуді әдетке айналдырған.
Еңбек пен өнер – егіз
Жеміс өсірумен қатар көкөніс егуге де көңіл бөледі. Сәуір, мамыр айларында еккен қиярды жинап алған соң араға 20 күн салып қайта отырғызған. Қазір ауа райы қолайлы болып, екінші егіс те көктеп тұр. Жоңышқа егіп, жаз бойы 3-4 рет орып, қойларына азық етеді. Астраханьға сапарында Еділдің жағасындағы террасаны көрген ол ауылда сондай орын жасауды армандаған. Инженерлік көзқараспен үйінің артындағы қораның үстінен демалатын алаңша салып, қонақтарға ерекше орта қалыптастырған. «Биік жерде отырып, Жайықты тамашалау – жанға жайлы. Келген қонақтардың бәрі сонда отыруға құмар», – дейді ол. Алдағы уақытта екінші қабатты дареттеп, шағын демалыс орны мен қосымша егіндік жасамақ.
Ризуан аға бағбандықпен ғана шектелмей, өнерге де жақын. «Қазына» ардагерлер ансамблінің белсенді мүшесі ретінде сахнада ән салып, ауылдың мәдени өміріне де атсалысады . Таңертең бақшасын бір айналып шықпай, күні басталмайды.
«Жеміс ағашын өсіру – үлкен еңбек. Судың да, күтімнің де қажеті бар. Ең бастысы – қызығушылық пен шыдамдылық керек. Егер жеріңді жақсы көріп, оған жанашырлықпен қарасаң, ол да саған өнімін аямайды», – дейді Ризуан аға.
Махамбет ауылында мұндай бағбан жандар аз емес. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарға үлгі болып отыр.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ