“Жастар Рухы” Жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен "Таза бейсенбі" экологиялық акциясы өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Экологиялық іс-шараға 30-дан студент адам қатысып, Балықшы ықшам ауданындағы саябақ аумағын тазалау және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Акцияның басты мақсаты – жастар арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғауға баулу. Белсенді жастар саябақтағы жаяу жүргінші жолдарын, орындықтарды және ағаш түптерін күл-қоқыстан тазартып, тал-теректерді әктеді.
– Бүгінгі тазалық жұмыстарын Атыраудағы жоғары көпсалалы “Болашақ” колледжінің студенттері жүргізуде. Бұл жолғы “Таза бейсенбі” акциясын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнадық. Мұнда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер жерлестерімізге арналған ескерткіш бар. Осы акция аясында ескерткіштің айналасын тазалауды майдангерлерге құрмет көрсету, ерлікке тағзым ету деп есептейміз,– деді “Жастар Рухы” Жастар қанаты АОФ төрағасы Абылай Құрмет.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, “Таза бейсенбі” әр апта сайын өткізіледі. Мұндай экологиялық акция облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жалғасады.