Мемлекет басшысы 2025жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялағанын білеміз. Елімізде жұмысшы мамандар да жетерлік. Солардың бірі - бүгінгі кейіпкеріміз,өмірінің 32 жылын аспаздыққа арнаған, " Алтын балық "бөбекжай - бақшасының қызметкері Гүлшат Жұмағалиева.
Ол Махамбет ауылының тумасы . Д.Төленов атындағы мектепті 1988 жылы бітірген соң «Алтын балық» балабақшасында бір жылдай әр түрлі жұмыстар жасап, алғашқы еңбек жолын бастаған . 1989 жылы Гүлшат Қайыржанқызы Қарағанды сауда - кулинария техникумына оқуға түскен. Ол техникумды «тамақ дайындаудың технологиясы және қоғамдық тамақтандыру ұйымдастырушы» мамандығы бойынша 1992 жылы ойдағыдай бітіріп шыққан. Гүлшат 1993 жылдан бері «Алтын балық» бөбекжай-бақшасында аспаздық қызметті абыроймен атқарып келеді . Отбасында жолдасы Жанболат екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Отағасы Жанболат Губайдуллин З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінде ұстаздық етеді. Ас пісіре білу де – өнер. Сондықтанаспаз мамандығының қыр - сыры туралы кәсіби шебердің өзінен сұрап көрдік.
«Өз басым аспаздық ерекше мамандық деп ойлаймын. Біреулер оны ас әзірлеумен, жаңа тағамдар ойлап табумен айналысатын мамандық иесі деп те жүр. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Аспаз азық-түлікті қалай сақтау керек екенін жақсы білуі тиіс . Ол азық – түлік өнімдерін санитарлық - гигиеналық талаптарға сәйкес сақтауды басқарады. Аспаздар көбіне балабақша ішінд е , асханада жоғары температура жағдайында жұмыс жасайды. Ол тағамды тек технологиялық жағынан дұрыс, рецептке сай әзірлейтін адам ғана емес, өз жұмысын терең меңгерген, оны жақсы көретін, одан ләззат алатын, өз жұмысына баға бергенде, дәмділігін айтқанда қатты қуанатын жан деп ойлаймын. Аспаздықтың қоғамда алатын әлеуметтік орны ерекше. Сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдары қоғамдық тамақтану мекеме-кәсіпорындары қарқынды дами бастады. Аспаз өнерінің кәсіби шеберлігіне деген жоғары сұраныс пайда болды. Мәселен, кафе, асхана, мейрамхана сияқты тамақтану орындарының табысы көбіне бас аспаздың шеберлігіне, ұсынатын тағамдардың сан алуандығына, эксклюзивтілігіне, не экзотикалығына байланысты екенін білеміз. Сондықтан бұл мамандық асқан жылдамдық пен өткен ғасырда да ерекше мәнге ие болды . Ал бүгінде жастарымыз аспаздықты жеңіл- желпі жұмыс түрі деп қарап жатады. Олар аспаздық өнерде еш қиындық жоқ деп есептейді. Бұл жұмыста ең маңыздысы – талант, дәм сезімі, қиял. Бір жағынан, бұл мамандық асқан дәлдікті талап етеді. Тағы бір жағынан , ерекше рецептіні немесе тағамды әсем безендіруді ойлап табу үшін шығармашылық қабілетті де қажет етеді. Иіс сезімі, дәм түйсігі аспазға қызметінде жоғарғы белестерге шығуға көмектеседі. Жақсы аспаз ұқыпты, зейінді, жинақы болуы керек»,-дейді кейіпкеріміз Гүлшат Жұмағалиева.
Балабақшада балаларға тағам дайындау да асқан ұқыптылықты қажет етеді. «Алтын балық» бөбекжайының асханасында бүгінде үш тәжірибелі аспаз еңбек етеді. Бөбекжай меңгерушісі Биғайша Еркіновада қызметкерлері туралы өте жақсы пікірде екен: –Біздің балабақша асханасына жауапты үш аспазымыз бар. Соның бірі Гүлшат бізде көп жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жалпы еңбек өтілі отыз екі жылға жуық. Жұмыс талаптарын сақтай отырып , әріптестері менде , балалармен де жақсы қарым-қатынаста жүреді. Баланың бәрі Гүлшат апайын жақсы көреді. Ол дайындаған тағамдар ең бастысы біздің бүлдіршіндерге ұнайды-дейді ұжым басшысы өз сөзінде. Биылғы жыл елімізде Гүлшат сынды қарапайым еңбек адамдарының елеп - ескерілетін уақыты. Отыз жылдан астам бір салада еңбек етсе де кейіпкеріміздің бірде-бір марапаты жоқ екен. Бөбекжай ұжымының басшылығы да «сәті түскенде мадақтауға ұсынып жатырмыз» дейді. Балалардың сүйікті аспазы, «Жайық шұғыласы» газетінің тұрақты оқырманы , ауылымыздың қара пайым еңбекқор азаматшасы ретінде Гүлшат Жұмағалиеваға толайым табыстар мен мықты денсаулық тіледік.
А. ТЕКЕБАЙ