Сарытоғай ауылындағы еңбек ардагері сәуле мұхтарова 16 жасынан бастап №1 қосалқы шаруашылықта, кейін орал кеңшарындағы егінде, алма бағында бағбан болып еңбек еткен. 1972 жылы аудан бойынша ауылшаруашылық слетіне қатысып, аудандық, ауылдық кеңестің бірнеше рет депутаты болған. Аудандық партия конференцияларына да делегат болып қатысқан.
Жалпы Орал жеміс-көкөніс кеңшары 1972-1997 жылдар аралығында жұмыс істегенін білеміз. Кеңшар қалай құрылған? Қандай маңызды жұмыстар атқарды? Енді соған тоқталсақ. КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің 1972 жылғы 7 ақпандағы №61 «Ембімұнай» бірлестігінің жұмысшыларды жабдықтау басқармасының қосалқы шаруашылықтар құру туралы бұйрығын басшылыққа алған «Ембімұнай» бірлестігі 1972 жылғы 21 ақпанда №19 «Ембімұнай» бірлестігі жүйесіндегі құрылымдардың өзгерістері туралы бұйрығын жариялайды. №1 қосалқы шаруашылық «Орал» жеміс-көкөніс, №2 қосалқы шаруашылық «Соколок» жеміс-көкөніс, №3 қосалқы шаруашылық «Каспий» жеміс- көкөніс шаруашылықтары кеңестік шаруашылық(совхоз) болып, қайта құрылды. Орал көкөніс-жеміс кеңшарының өндіріс жиынында 1972 жылғы 30 наурызда көктемгі себуге дайындық жұмыстарын талқылаған. Картоп жетіспеушілігіне байланысты ауылшаруашылық министрлігі 200 тонна картоп бөлген. Міне, осылай «Сталин» қосалқы шаруашылығы 1972 жылғы 6 маусымда «Орал» кеңшары болып қайта құрылды. Кеңшар директоры Ли Чен Чун картоп бойынша 1 суару 80 га алқапқа, 2 суару 32 га алқапқа, 3 суару 5,5 га алқапқа аяқталып, озат еңбеккерлер суреттері құрмет тақтасына ілінген. Оның ішінде №4 бригададан Сауле Мұхтарова анамыз да бар екен. Осы жылдың 20 қыркүйегінде К.Ахметов, С.Мұхтарова сынды озаттар ауылшаруашылық көрмесіне қатысады. Егін суарушы Сәуле Мұхтарова 1960 жылдан бастап алма өсіру жоспарын 128 пайызға орындаған екен.
Сәуле апа талай жыл кәсіподақтың әйелдер мен балалар арасындағы жұмыстарды басқарады. Кеңшарда 244 жұмысшы жұмыс істеген. Оның 209-ы кәсіподақ мүшесі еді. 1976 жылы кеңшар директоры қызметіне Қайыржан Құспанов тағайындалған. «Орал» кеңшарында социалистік жарысты Сәуле Мұхтарова 100 пайызға орындады деп көрсетілген. Сарытоғайда 2 алма бағында 2 бригада жұмыс жасаған болса, оның №1 бригадасының бригадирі Төлеу Төреханов, №2 бригаданы Рысжан Сүлиев, Көбен Ахметов басқарған екен. Сәуле апамыз ол кісімен де жұмыстас болыпты. Бағбандар тек алма бағында ғана емес, дала жұмыстары – картоп егу, оны түптеу, жинау, қарбыз, қырыққабат, қызанақтың көшеттерін отырғызу, оны жинау жұмыстарын жүргізген. Қыстай жиналған өнімдерді сұрыптау, әзірлеу, жазда оларды салатын кәрзеңке тоқу, өнімдер астына төсейтін қоға төсеніштер тоқумен де айналысқан. Материалдарды қызыл тал мен қоғадан тоқып, дайындайды. Сонымен қатар мектептің 5-6 сынып оқушыларына дейін алма салатын жәшіктерді реттеуге қатысқан.
Сол кездерді Сәуле апамыз былай деп еске алады: «Егін шаруашылығымен айналысу, бағбан болу оңай емес еді. Әрі жоспарыңды артығымен орындау керексің. «Орал» кеңшарында Уали Рахымжанов, Қалиса Маханова, Күләш Нұртаева, Тәтті Ерниязова, Талшын Салихова, Жұмаш Төрехановалармен жұмыстас болғанымды мақтан тұтамын. Тек алма бақта емес, дала жұмыстарын қоса атқардық. Кәрзеңке, жемістер астына төсенішке дейін тоқып, жемістерді сұрыптауға, егуге, оны түптеуге, жинауға да атсалыстық. Оның ішінде алма толған жәшіктерді тракторға тиеу де болды. Кеңшар өнімдері «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты барлық мекемелерге, тіпті Татарстан, Башқұртстан, Тюмень облысы мұнайшыларына да жіберілетін. Сонымен қатар біздің К.Ахметов басқарған бағбандар бригадасы 1980 жылы СССР Мұнай өнеркәсібі министрлігі мен мұнай- газ өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағы комитетінің құрметті вымпелі, ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталғаны есімде. Кеңшарда жылқы да өсірілді. Жылқы шаруашылығын Молдаш Сұлташев басқарды. Бұл жылдары Сарытоғайда жылыжай жұмыс жасады. Ол 80-жылдары зауыт жанында орналасып, оны кеңшар агрономы басқарды. Жылыжайда М.Кувалаки, агрономдар Д.Стамов, У.Рақымжанов бірлесе еңбек етті. Жылыжай егін шаруашылығының негізі болды. Жазғы егістікке дайындық сонда басталатын. Белгілі ақын М.Шаханов жайқалған ауылымызды көріп, «Кіші Алматы» деген еді.
Сәуле апамыз жас күнінен еңбек майданында шыңдалған. Өмірге деген құштарлығы өзгеше болып, жұмыс десе жанын салып еңбек етті. Кездескен қиындыққа тайсалмай, жолын тапты, оны жеңе білді. Анамыз қоғамдық бастамаларға етене араласты. Ауыл өмірінің тұрмыс- тіршілігі ерекшелігі де осында еді. Еңбекпен әбден шыныққан Сәуле апа абыройға, халық құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді.
Бір сөзбен айтқанда, адал еңбек еш кетпейтінін, абыройдың өзі іздеп табатындығының дәлелі осы еді. Міне, майталман бағбан Сәуле Мұхтарованың еткен еңбегі ерек дер едік. Расында да апамыздың өмірі жастарға үлгі-өнеге, ауыл экономикасы осы абзал жандар, еңбеккерлер арқылы гүлденіп, көркейді десек қателеспейміз.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА