АУЫЛ АХУАЛЫНА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

АУЫЛ АХУАЛЫНА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ
(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары, «Республикалық фермерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жигули Дайрабаев ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, Қызыл үй және Жасқайрат елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған алғашқы Жолдауында ауылдың әл-ауқатын көтеру, ондағы орынды әрі тиімді бастамаларға қолдау білдіру, ауылшаруашылығына айрықша көңіл бөлу сынды жұмыстарға ерекше назар аударып, кеңінен тоқталды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттің негізгі ресурсы екендігін айтып, алайда оның әлеуетін толықтай пайдалана алмай отырғанымызды нақтылап өткен болатын. Міне, бүгінгі халық сайлаған депутаттар да ауыл-ауылды аралай, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-жағдайын көзбен көріп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. 

Халық қалаулысы алдымен Тұщықұдық ауылдық округіндегі Бақсай каналы мен Нарын каналының қазіргі жағдайымен танысты. Ұзындығы 170 шақырым болатын Нарын суару-суландыру жүйесінің 125 шақырымы Исатай ауданы аумағынан өтсе, жалпы ұзындығы 137 шақырымды құрайтын Бақсай каналының 62 шақырымы осы өңірде орналасқан. Бастауын Жайық өзенінен алатын бұл каналдар ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен, әбден тозған. Каналдарды қамыстан аршу, тазарту, тереңдетіп қазу, су реттегіш шлюздер салу – шешімін күткен өзекті мәселелердің бірі. – Каналдардың күрделі жағдайы ауылдағы мал шаруашылығының дамуына үлкен кедергі келтіруде. Ауылдағы ең негізгі табыс көзі мал шаруашылығы екені белгілі. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды,-деп атап өтті депутат. Тұрғындармен кездесу барысында Жасқайрат ауылына мәдениет үйінің қажеттігі, қос елді мекенге жедел жәрдем көлігін беру және жол сапасының сын көтермейтіні айтылды. – Тәуелсіздік алғалы бұл каналдар жөндеу көрмеген екен. Көктем, күз, қыс мезгілдерінде жол қатынасының қиындығы байқалады. Дегенмен ауыл азаматтары Мемлекет басшысының шалғай елді мекендерді қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бірқатар игі істер атқаруда. Біз соның куәсі болып отырмыз,-деді Жигули Дайрабаев.

ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ НАЗАРДА

Қызыл үй мен Жасқайрат ауылдарында соңғы жылдары жергілікті билік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылды. Газ, ауыз су желілері тартылып, Қызыл үй ауылында жаңа мектеп салынды. Мектеп заманауи жабдықтармен қамтылып, алақан жүйесі енгізілген. Бұл халықтың елді мекенде тұрақтануына толық жағдай жасап отыр.

Алайда депутаттың айтуынша, ауылды сақтау және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында атқарылар жұмыстар әлі де бар. Мәжілісменнің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 1500-ге жуық ауыл картадан жойылып кеткен. Ал қалған елді мекендерді сақтау үшін «Ауыл» партиясы бар күшін салатынын, бұл бағытта Президент тарапынан қолдау барын жеткізді.

«ҚАРАҚҰРТТАН ҚҰТЫЛАМЫЗ БА?»

Өткен жылғы су тасқынынан кейін Жасқайрат елді мекенінің тұрғындары қарақұрттың көбейіп кеткенін және биыл оның дернәсілдерінің қайта тіріле бастағанын атап өтті. Тұрғындар бұл жәндіктің өрістегі малға үлкен зиян келтіріп жатқанын жасырмады. Ауылдықтар қарақұртқа қарсы улау жұмыстарын жүргізуге көмек сұрады.

– Қарақұрт мәселесі өте өзекті. Былтырдан бері бұл жәндік малға айтарлықтай залал келтірді. Сонымен қатар, ғаламтор желісінің нашарлығы мен жол жағдайы да қолбайлау болып отыр. Ауылымызға нақты көмек көрсетілсе, жағдайымыз түзеліп, мал шаруашылығын дамытып, өзге мәселелерді шешуге мүмкіндік туар еді,-дейді Жасқайрат елді мекенінің тұрғыны Болат Рахметов.

ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРҒА ЦИФРЛЫҚ СЕРПІН

Мәжіліс депутаты ауыл еңбеккерлерімен кездесуде пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатқан «Ауыл интернеті» бағдарламасының тиімділігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағдарлама шалғайдағы елді мекендерге кең жолақты интернет тартуды көздейді. Егер жоба сәтті жүзеге асса, ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығы артып, әлеуметтік және білім саласындағы мүмкіндіктер кеңейеді. Сонымен қатар, интернеттің қолжетімділігі ауылдық кәсіпкерлік пен аграрлық секторды дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа тиімді жеткізуге оң әсерін тигізетін болады. Халық қалаулысы бұл бағдарламаны іске асыру үшін барлық қажетті күш-жігерін жұмсайтынын және ауылдық аймақтарды цифрландыру бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді. Жиын соңында депутат Қамысқала ауылдық округіне қарасты, жалпы ұзындығы 40 шақырымды құрайтын Сборный суару-суландыру жүйесінің Саржігіт каналына барды. Бұл жүйенің 19 шақырымы Исатай ауданы аумағынан өтеді. Мәжілісмен Саржігіт каналының қазіргі жағдайымен танысу үшін 15 шақырымдық жерге барып, олардың инфрақұрылымымен танысқан. Оның айтуынша, бұл каналдар елді мекендер үшін және мал шаруашылығымен айналысып отырған еңбек адамдары үшін маңызды су көздері болып табылады, сондықтан каналдардың соңғы 25 жылдан бері тазалау жұмыстары жүргізілмегендіктен су көзі қажеттілікті қамтамасыз ете алмауы үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл каналдардың ерекше назарда болатынын жеткізді.

– Аралап көрген ауылдардағы әлеуметтік жағдайды «жақсы» деуге болады. Халық жұмыспен қамтылған, білім және мәдениет ошақтары жұмыс істеп тұр. Спорт кешендері де бар. Бірақ басты мәселе – су мен жол жағдайының күрделілігі. Дегенмен бұл каналдар мен жолдар ерекше назарда болатынын жеткіздім,-деп сөзін түйіндеді депутат.

Бұл кездесу шалғай ауылдардың хал-ахуалы елеусіз қалмайтынын көрсетті. Мәжіліс депутатының сапары ауылдағы түйткілді мәселелердің шешілуіне түрткі болады деген үміт бар.

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT