Ауданда Құрбан айт мерекесі аталып өтті.
Ислам дініндегі қастерлі екі мерекенің бірі болып саналатын ұлық мерекені доссорлықтар биылғы жылы әдеттегіден дүбірлетіп атап өтті.
Айт намазынан шыққан жұртшылық таңертеңмен Доссор мәдениет үйінің орталық алаңына жиналды. Жүргізуші: «осынау үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән маңызы зор, өнегесі өзгеше. Адамдар Ұлы Жаратушы Иеміз – Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, міксін жандарға қамқорлық көрсетеді. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бір-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасастын күн»,- деп мерекенің мәнін жеткізгеннен кейін құттықтау сөздерге кезек берілді. Ауданы әкімі Ринат Ибрагимов, ауданның бас имамы Біләл Сағындықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов және «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин бірінен соң бірі сахна төріне көтеріліп, жиылғандарды мерекемен құттықтады.
Концерттік бағдарлама аудан әкімінің кеңесшісі Әнуарбек Садықовтың арнауымен ашылды. Кейін арнайы шақырылған қонақ ретінде Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Жасұлан Базарбаев Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек» және Әбубәкір Кердерінің «Он бір тілек» термелерін нақышына келтіріп орындаса, Доссор мәдениет үйінің күйшісі Нұржан Сақуатов Махамбеттің «Жұмыр қылыш» және Құрманғазының «Байжұма» күйлерін шертуімен көрермендердің құлақ құрышын қандырды.
Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырған спорттық ойындар белдесу, лақ көтеру, гір тасын көтеру мен арқан тартысудан тұрды. Кәсіби спортшылар қатыспаған белдесу күресінен І орынды Дастан Асқаров жеңіп алса, ІІ орын Ақылбек Ерсайынұлына бұйырды. Ал, Мақсат Өміртаев үздік үштікті түйіндеді. Жасөспірім балалар арасында өткен лақ көтеруден лақты 123 рет көтерген Мерей Ойылбаев І орын, 101 рет көтерген Аманжан Бүркішов ІІ орын иемденді.
Гір тасын 105 рет көтерген Қайрат Қабдошевтің рекордын бұзатын жан болмады. Одан сәл қалып 102-ге мәрте көтеруге жетіп жығылған Данияр Жәрдемов күміс, 89 рет көтеру межесін орындаған Бексұлтан Багитов қола жүлдеге ие болды. Ал, арқан тартысу сайысы кезінде мешіт жамағаттары сол жерден команда шығара қойып орындарды өзара бөлісіп алды. Сонымен қатар, 200 балаға ойыншық және 1000 балаға балмұздақ таратылды.
Доссор орталық мешіті және «Сәтен-Шәмек» мешітінің имамдары мен жамағаты бастамашы болған шараға жергілікті халық та, кәсіпкерлер де қолдау көрсетіп ауызбіршілік танытқандығын айта кеткен жөн.
Мақат кентінде де Құрбан айттың құрметіне киіз үй тігілді. Аудандық мешіттің ұйымдастыруымен және жамағаттың қолдауымен өткен шарада спорттық және инттелектуалдық сайыстар болып, 650 балаға сый-сияпат таратылды.
А.Жұмабекұлы