«Ауыл аманаты» жобасы ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында 2023 жылы іске қосылған болатын. Жоба аясында ауыл тұрғындарына жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер беріледі, бұл ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларда кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
Жоба ауданымызда өткен жылы су тасқынына байланысты тоқтап қалды. Десе де биыл қайта жанданып, аудан әлеуетін көтеру мақсатында жалғаспақшы. 2025 жылы бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 50 млрд теңге бөліну жоспарлануда. Бұл қаражат өңірлер бойынша бөлінеді, атап айтқанда: Түркістан облысына – 7,4 млрд теңге, Қызылорда облысына – 5,5 млрд теңге, Жамбыл облысына – 5 млрд теңге, Ақтөбе облысына – 4 млрд теңге және басқа облыстарға сәйкесінше қаражат қарастырылған. Сондықтан биыл бөлінетін қосымша қаржыландыру ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз!
Исламбек Әлмұханов,
Ауыл шаруашылығы саласындағы жеке кәсіпкер