Ауданда вирус жұқтыру жағдайы соңғы рет 6 қыркүйек күні тіркелді. Қазіргі таңда індет жұқтырғандар саны 283 адаммен тұрақталып тұр.
Оның 140-ы Мақат кентінен, 138-і Доссор кентінен, 5-еуі Бәйгетөбе ауылдық округінен анықталып отыр. Сондай-ақ, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1087. Ал, ауруды жеңіп шыққандар саны - 282-ге жетті. (Мақат - 143, Доссор - 134).
Осы орайда жақсы жаңалықтың бірі - аудандық ауруханалардың провизорлық стационарлары жабылды. Жұқпалы аурулар бөлімінде де вирус жұқтырған науқас жоқ. Бөлімде тек өзге аурулар бойынша науқастар емделуде. Десе де, бір ошақтың оқшаулау мерзімі әлі де аяқталған жоқ. Өкінішке орай ауданда 5 тұрғын COVID-19-дан көз жұмды.
Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде вирус жұқтырғандар саны - 106 984 болса, жазылғандар - 101 267, қайтыс болғандар саны 1671-ге жеткен. Иә, дәл қазіргі уақытта тек біз ғана емес, күллі әлем болып дертпен күресіп жатқаны белгілі.
Яғни, әлем бойынша пандемияға 29,6 миллион жан шалдықса, 935 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ал 20,1 миллион адам жазылып шыққан. Халқымыздың «Сақтансаң сақтаймын» деген сөзінің мән-мағынасы осындайда айтылса керек. Сондықтан әлі де болса бейғамдықты қою керек. Көпшілік орындарда бетперде тағып, антисептик пайдаланған жөн. Дене қызуыңыз көтеріліп, басқа да белгілер байқалса, міндетті түрде ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінуді естен шығармаңыз.
«МТ»
Сурет: ашық дереккөз