Атырау қаласында соңғы күндері көпшіліктің назарын аударған — қамыс алқаптарындағы өрт болды. Табиғи апат сипатына ие бұл жағдай тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды. Дегенмен, төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрекетінің нәтижесінде бүгінгі таңда ахуал біртіндеп тұрақталып келеді.
Алғашында жай ғана түтін иісі шыққанын аңғардық. Бірақ біраз уақыттан кейін тереземізден қара түтін көрініп, үй ішіне дейін иісі кірді. Қамыс жанған кезде ауада қандай заттардың таралатынын нақты білмейміз ғой. Бірақ қазір жағдай біршама тұрақталып келе жатыр. Өрт сөндірушілер мен еріктілерге ризашылығым шексіз. Олар күндіз-түні тынымсыз еңбек етті.
Қамыс өрті тек экологиялық қана емес, әлеуметтік мәселе екенін де көрсетті. Тұрғындар денсаулығы, ауа сапасы, қоршаған ортаның жай-күйі — бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
Атырау облыстық ТЖД мамандарының хабарлауынша, қазіргі таңда өрт толықтай бақылауға алынып, өршу қаупі жойылды. Жел бағытының өзгеруі де ахуалдың тұрақталуына ықпал етті.
Атыраулықтар мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті мекемелерге қоса, тұрғындардың да экологиялық мәдениетке жауапкершілікпен қарауы қажет екенін айтады.
Қамыстың өртенуінің себептері әртүрлі болуы мүмкін: табиғи себептер немесе адамның абайсыздығы. Бірақ бір нәрсе анық — біз табиғатпен келісімде өмір сүруді үйренуіміз керек. Қазір аспан ашылып, ауамыз тазара бастады. Ең бастысы — сабыр мен ынтымақ.
Қуандық САБИРОВ,
еңбек ардагері