Қазақ баспасөзі жылнамасында ғасырлық тойын атап өткен басылымдар аса көп емес. Әсіресе, батыс өңірінде Батыс Қазақстан облысының «Орал өңірі» газетінен кейін 1923 жылғы 1 сәуірде оқырман қолына тиген газет «Ерік» («Э.Р.К.») еді.
Небары 500 дана болып шығып, бүгінгідей белгілі басылымға айналуына қаламгерлердің бірнеше буыны тер төгіп, қажыр-қайратын жұмсады. Осы газет арқылы қаншама дәуірдің үні айтылып, көптеген мұқтаж жанның түйінді мәселесі оң шешімін тапты. Талай ғасыр бойғы ұлттың арғы-бергі тарихы да «Ерік»-тен «Atyraý»-ға дейінгі жылнамада жазылды. Тарихшылардың көзімен қарасақ, бұл – бір бөлек дәуір, өзінше өрілген өнеге-сыр. Облыс жұртшылығының қолдауымен 1990 жылдан «Атырау» атын иеленген қоғамдық-саяси газеттің көтерген жүгі ауыр, қоғамдағы орны жоғары.
Бір кезде Азғырдан – Түркімен шекарасына дейінгі ұлан-байтақ аумақтың күнделікті тыныстіршілігін аптасына бес рет оқырманға паш еткен басылым бүгінде аптасына екі рет шықса да, замана туғызған ақпарат алмасу тәсілі – әлеуметтік желімен деңгейлес дәрежеде көрініп келеді. Әрине, түрлі ресурстарда сәт сайын алмасып жататын мың сан ақпарат-хабарлардың орнын баса алмаса да, газеттің atr.kz сайты арқылы маңызды жаңалықтар оқырманын тауып отыр. Оған қоса, газетке жарияланған толымды мақалалар мен оқырманның ой-пікіріне де сайттан орын берілген. Облыстық газеттің 100 жылдық тойына арналған іс-шаралар бұдан бір жыл бұрын, яғни 2022 жылдың 1 сәуірінен басталды.
Алдын ала дайындалған мақалалар мен естеліктер, суреттер мен архив құжаттары содан бері газет бетінен үзілген жоқ. Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен орайлас 1989- 2002 жылдар аралығында редакция қоныстанған ғимаратқа былтырғы 24 маусым күні мемориалдық тақта орнатылды. Бүгін облыстық «Atyraý» газетінің екі мәрте Бас редакторы, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі қаламгер Теңдік Жауыровтың құрметіне өзі тұрған Сәтпаев көшесі, 32 үйге және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Atyraý», республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінің бұрынғы қызметкері, фельетоншы, публицист Нури Муфтахтың құрметіне Махамбет көшесі, 116 үйге мемориалдық тақталар ресми түрде ашылмақ. Мұның барлығы – өткенге құрмет, аға буынға бүгінгі толқынның ізеті, тарихқа ой жүгірту.
Қай дәуірде де елдің қарыштап дамуына зор үлес қосқан облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің бетінде көрнекті қаламгерлер, ардақты тұлғалардың өшпес қолтаңбасы, ұжымда өзіндік орны бар. Оны жоғалтпай, заман тынысына байланысты ерекше қарқынмен келісті өрістету қазіргі ұжымға парыз, ертеңгі ұрпаққа борыш. Бір кезде Бүкілодақтық, бүгінгі дәуірде республикалық шығармашылық байрақтардың иегері болған редакция ұжымының 100 жылдық мерейтойы – келешектің үлесінде. Ғасыр тойына зор әзірлікпен келіп, өткен күннің естеліктерін оқырманға жеткізуді ұжым өзінің жауапкершілігі деп санайды.