Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев атыраулық белсенді жастармен кездесуінде айтты.
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен жиында Мәулен Сағатханұлы ел келешегі үшін бүгінде республикада жастар саясатын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы ойларымен бөлісті.
-Атырау облысының ел дамуындағы орны ерекше. Қай кезеңде де осы аймақтағы тарихи тұлғалардың есімі айрықша аталады.
Бұл өлке Исатай мен Махамбет батырлардың ерлігіне де куә. Бұл аймақ – зерделі жазушыларды да дүние келтірген қасиетті өлке. Осындай өңірде туып-өскен бүгінгі жастардың да осал емесі анық.
Бүгінде елде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған мақсат-міндеттерінің арқасында бірқатар жұмыс жүзеге асып жатыр.
Жастарды мемлекеттік шешімдер қабылдау жұмыстарына тарту басты назарда. Былтыр жастар резервіндегі 264 жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға жұмысқа орналасты. 31 жас саяси лауазымдарға қызметке тұрды. Мәселен, жастар резервінен алынған Максим Споткай бүгінде Сенат аппаратының басшысы қызметінде белсенді еңбек етуде, – деді Мәулен Сағатханұлы.
Жиын барысында жаңа Қазақстан құруда жастардың сапалы білім алуға басымдық беруінің маңыздылығы ерекше айтылды.
– Қазір жастар озық ойлы болуы керек. Бүгінде тар көзқарас заманға қайшы. Жастар қашан да кең ойлап, жаңа идеяларды қабылдауға дайын тұруы қажет. Қазір қоғамда «өмір бойы үйрену» деген қағидамен жүру аса маңызды. Оқу орнын бітіріп, қызметке орналасумен ғана шектелмеу керек. Кәсіби біліктілікті арттырып, бәсекеге қабілетті болу маңызды. Әр адам өз-өзін дамытып, жан-жақты болуға ден қойған маңызды. Сонымен қатар жастарға белсенділік те аса қажет. Өйткені адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Адамдарға, мұқтаж жандарға қол ұшын соза отырып, қоршаған ортаны қорғау да әр жастың негізгі мақсат-міндеті болуы тиіс, – деген Мәулен Әшімбаев тарихқа көз жүгіртіп, небәрі 30 жыл өмір сүріп жарқырап аққан жұлдыз Шоқан Уәлиханов, жастайынан-ақ озық, терең ойлы болған Алаш арыстарының еңбегін көпке үлгі етті.
Жиын барысында белсенді жастар бүгінгі қоғамдағы ең өзекті деген мәселелерді алға тартып, олардың шешімін табуына ықпал етуді сұрады. Мәселен, қыздар арасындағы ерте жүктіліктің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, синтетикалық есірткіге заң шеңберінде қатаң тосқауыл қою мәселелері көтерілді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ