“Атырау-Ақпарат» ұжымы өңір журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі журналистер Нұрым Тельманұлы мен Нәсіп Қисметоллақызын зейнет демалысына құрметпен шығарып салды, деп жазады atr.kz
Салтанатты жиында “Атырау-Ақпарат” ЖШС директоры Нұрболат Елеусінов көп жылдар бойы аймақ журналистикасына өз үлесін қосып, өңірдің тыныс-тіршілігін газет бетіне қаттап, тарихқа таңбалаған әріптестердің еселі еңбегінің мол екендігін айтты. Сондай-ақ, облыстық “Атырау” қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары Азамат Базарбаев, облыстық «Прикаспийская коммуна» газеті бас редакторының орынбасары Қайрат Сатаев, белгілі журналистер Лиза Сейтімова мен Дәулетқали Аруев құттықтауларын арнады. Нұрым Тельманұлы саналы ғұмырын Атырау аймағының баспасөз саласын дамытуға арнады.
«Сарайшық» әдеби-мәдени журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.
Нәсіп Қисметоллақызы облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде қатардағы қызметкерден бастап бас редакторға дейінгі шығармашылық жолдан өтті.
Қай-қайсы да өзіндік дара жолы бар ардагер журналистер.
Құрметті еңбек демалысына шығу бақыты бұйырып отырған қос ардагердің зейнет жасына шығу қуанышына орай шипажайға жолдама, сертификаттар мен сый-сияпаттар, гүл шоқтары табысталды.