Атырауда өңірге арнайы бағдарлама бойынша келген педагогтерге пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміздегі мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға бағытталған бағдарлама аясында биыл Атырау облысына 10 мұғалім келді. Олар – бастауыш сынып, тарих, математика, физика пәнінің оқытушылары. Кеше олардың бірқатарына облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков пәтер кілттерін табыс етті. Облыстың бас ұстазының айтуынша, 15 желтоқсанға дейін тағы 4 мұғалімге пәтер кілтін табыстау жоспарланған.
Жаңа пәтерге ие болған ұстаздардың бірі – Ержан Егінбаев пен Гүлжан Боранбаеваның отбасы. 20 жылға жуық еңбек өтілі бар білікті педагогтер осыған дейін Батыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялық мектеп – лицейінде еңбек еткен. Қазіргі уақытта Гүлжан Боранбаева – Атырау қаласындағы №31 гимназияның математика пәнінің мұғалімі.
- Қуанышымызда шек жоқ. Жаңа пәтер беріп, мұғалімдерді қолдап жатқан облыс әкімдігіне, облыстық білім беру басқармасына алғысымыз шексіз. Елі үшін еңбек ету – ұстаздарға жүктелген міндет – дейді Ержан Егінбаев.
Айта кетейік, аталмыш бағдарлама аясында көрші облыстардың мұғалімдері білім беру басқармасы жанынан құрылған Үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанындағы Конкурс комиссиясының шешімімен келеді. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер эссе жазып, тестілеуден, әңгімелесуден өткен.
Үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені қарастырылған. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 150% мөлшерінде ынталандыру төлемдері, жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығынын өтеу секілді жеңілдіктер бар.
Нұргүл Насыр
Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев