1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау облыстық полиция департаментінде мектеп оқушыларына арналған ашық есік күні өтті. Іс-шара «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шараға 40-тан астам мектеп оқушысы қатысып, ведомстволық музей мен Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Сонымен қатар арнайы жасақтың көрсетілімін тамашалап, қауіпсіздік мәдениеті бойынша ақпарат алды. Тимбилдинг форматындағы тапсырмалар арқылы полиция қызметкерлерімен еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік те болды.
Атырау облысы ПД Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бөлім бастығы Ғалымжан Сембаев бұл іс-шараның қоғам назарын балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне аударуға бағытталғанын атап өтті.
– Балаларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның бірлескен міндеті. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың IV Ұлттық Құрылтайда атап өткен маңызды басымдықтарының бірі. Сондықтан осындай шаралар арқылы біз өскелең ұрпақтың құқық қорғау саласына деген сенімін нығайтып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырамыз, – деді Ғ. Сембаев.
Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, ашық есік күні оқушылардың құқық қорғау қызметі туралы түсінігін кеңейтіп, болашақ мамандық таңдауға септігін тигізеді.