Атырау облысының тумасы Әсел Көптілеуова сұлулық әлеміндегі ең ауқымды «Miss Asia USA» байқауында «Мисс Гламур» атанды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жүздеген үміткер бақ сынаған осынау үлкен байқауда қазылар алқасы атыраулық Әселдің сұлулығына сүйсініп, ауыздарын ашты! Ал, Әсел өте қарапайым, ол өзін «Assel Kopt» деп таныстырады екен.
«Бұл – Америкада жыл сайын өткізілетін ең ірі байқау. Осымен биыл 35-ші рет өтіп отыр. Ал, ең үлкен аталым – мен бақ сынаған «Мисс Азия». Мен АҚШ-та кино саласымен айналысамын. Кино түсіруді үйреніп жүрмін. Байқауға кездейсоқ қатыстым. 14 жыл Нью-Йоркте, соңғы екі жыл Лос-Анджелесте тұрамын. Қазір театрда жұмыс жасаймын. Осылайша, кинофестивальдердің бірінде қызыл кілемшемен жүрген сәтте мені байқап қалып «Мисс Азия» конкурсына қатысуға шақырған-ды. Қуанышымда шек болмады. Бірақ, байқауға қатысу оңайға түспеді. Еш жерден қаржылай қолдау болмады, барлық шығынды өзім көтердім. Әйтсе де, отандасым Әсел Абдрахманова мен ұстазым Айнұр Амангелдіқызы зор қолдау білдірді» дейді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттер Әсел Көптілеуованың әлеуметтік парақшасынан алынды