Атырауға, дәлірек айтқанда, Жылыой ауданы Майкөмген ауылы Толтыр стансасына «Жәрдем» медициналық пойызы келді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Жәрдем» медициналық пойызы Атырау облысында 31 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында қызмет көрсетеді. Жоба шеңберінде еліміздің шалғай станцияларында тұратын тұрғындары негізгі медициналық мамандықтардың білікті мамандарынан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, маммолог, педиатр) тегін тексеруден және емдеуден өте алады. «Жәрдем» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УДЗ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.
Пойыз кестесі: Толтыр стансасы 31.08, Ганюшкин 02.09-03.09, Афанасьев 03.09-05.09, Исатай 05.09-07.09, Нарын 07.09-09.09, Аққыстау 09.09-11.09, Жамансор 12.09-13.09, Мұқыр 13.09-15.09, Сағыз 15.09-17.09. Айта кетейік, жобаға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының бастамасымен алғаш рет кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылып, шалғай жатқан аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық және медиативті (татуластық) көмек көрсету қызметтері тегін ұсынылмақ. Сонымен қатар, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алуға құқықтары, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер тағайындау мәселелері бойынша тегін кеңестер көрсетіліп, төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер туралы ақпарат беру ұйымдастырылмақ. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның Әлеуметтік жобалар қоры Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен бірлесіп атқарып отырған әлеуметтік жобасы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ