Атыраудағы төтенше жағдай: Барлық мұнай өңдеу зауыттары жұмысын тоқтата ма

Фото: facebook.com/kazmunaygaspress
(0 Votes)

 Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жағдай жанармай тапшылығын тудырмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Ақтаудағы энергия комбинатында апатты жағдайдан автоматты қорғау жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтіріліп жатыр. Бұл аймақтардың энергия жүйесі батыс энергетикалық торабымен біріктірілген.

Атырау мұнай өңдеу зауыттарында ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды», - деді ол.

Әлихан Смайылов қазіргі таңда зауыт басқа кәсіпорындар сияқты өз жұмысын қалпына келтіріп жатқанын атап өтті.

«Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауыттарын тоқтату туралы алыпқашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда», - деді Премьер-Министр.

Еске салайық, кеше кешке Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалған болатын.

Артынша жергілікті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі электр қуатының өшу себебін айтты.

Сағат 21.30-да Атырау облысы әкімдігі жарықтың жанғанын хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетика комбинатында туындаған жағдай бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT